Балалар

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-да “Туған жерім – тұғырым” атты конференция өтті

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Туған жерім – тұғырым” атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымға толы жиынның басты мақсаты – жастардың туған өлкеге деген құрметін арттырып, оның тарихы мен бүгінін ғылыми тұрғыда зерделеуге бағыт беру. Басқосуға жоғары оқу орынның оқытушылары, студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысып, ортақ алаңда ой бөлісті.

ГҮЛГҮЛ ҚУАТҚЫЗЫ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ “Журналистика және әлеуметтік ғылымдар” кафедрасының аға оқытушысы:

— Бүгінгі біздің “Туған жерім – тұғырым” атты конференциямыз Ғылым онкүндігі аясында өткізіліп отыр. Бұл шара жылда өткізіледі. Осы жолы біз өңіріміздің танымал фото тілші – Талғат Тәнібаевтың көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Конференцияның аты айтып тұрғандай, жастар арасында Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікті насихаттау, соған баулу мақсатында өткізіліп отыр.

Жиын барысында қатысушылар тек ғылыми баяндамалармен шектелмей, өңірдің тарихы мен табиғатын дәріптейтін бейнероликтер тамашалады. Ал мектеп оқушылары домбырамен күй шертіп, ұлттық өнердің көркін аша түсті.

САНДУҒАШ ҚАЙЫРБЕК, студент:

— Осы конференция арқылы жалпы жас журналистер, басқа да студенттер қазақ елінің, қазақ тарихының болмысын терең сезіне алады деп ойлаймын.

Туған жерге деген сүйіспеншілік – сөзбен ғана емес, іспен де көрініс табуы тиіс. Жиын соңында өнерлі студенттер ортаға шықты. Олардың арасында рухты көтеретін өлеңдер де оқығандар болды.

Жаннұр Бектұрғанова