Елімізде “Функционалды құзыреттіліктерді дамыту” жобасы бастау алды. Игі бастамаға “AMANAT” партиясы мұрындық болып отыр. Жоба аясында бастауыш ұйым өкілдері ауыл әкімдері мен депутаттарды жан-жақты оқытады. Ең бастысы, халықпен қалай етене жақын жұмыс істеу керектігін үйретеді. Бүгінгі оқыту курсына қатысушылар онлайн режимде қосылды.
АЛТЫН САҒИТОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:
— Жоба үш кезеңнен тұрады. Оқыту қараша айына дейін жалғасады. Олар бюджет қаржысын тиімді басқару, қолға алынған жобаларды бақылау сияқты маңызды дүниелерді үйренеді. Бұл еліміздегі жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Үшінші кезеңде әкімдер мен халық қалаулылары елді мекендерді дамытуға арналған бір жоба дайындауы тиіс. Осы арқылы біз қатысушылардың жыл бойы не үйренгенін көреміз.
Қазіргі таңда облысымызда 190-ға жуық ауылдық округ бар. Оның 140-тан астамына “AMANAT” партиясының атынан сайланған әкімдер жетекшілік етеді. Депутаттардың да дені – аталған бастауыш ұйымның мүшелері. Сондықтан, “AMANAT” партиясына артылған жүк ауыр деп айтсақ болады. Шенеуніктер мен халық қалаулылары білімді болуы аса маңызды. Қолға алынған жобаның мақсаты да осы.
ПАВЕЛ ТИТОВ, Дубровин ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:
— Жиыннан мол ақпар алдым. Тікелей эфирде 1 сағаттан астам уақыт дәріс тыңдадым. Мен білмейтін дүниелер әлі көп екен. Оқыту курстарынан қалмауға тырысамын. Ойға түйгендерімді жұмысымда пайдаланамын.
Айта кету керек, облысымыздан оқыту курсына қатысуға 110-нан астам шенеунік пен депутат өтініш берген.
Нұрасыл Ахмет