Спорт

“Жеңісті” жеңген “Қызылжар” турнирлик кестеде төрт сатыға көтерілді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Футболдан Қазақстан Премьер лигасының бесінші туры, екінші ойын күні. Бүгін Петропавлға қонаққа астаналық “Жеңіс” келіп отыр. “Қызылжармен” ойын басталды. Турнирлік кестеде жерлестеріміз тоғызыншы сатыда тұрса, елордалықтар он екінші сатыға жайғасқан. Тоқсан минутқа созылатын тартыс кімге ұпай әкеледі? “Қызылжар” алға шыға ма әлде өз орнын сақтап қала ма? Оны алдағы уақытта білетін боламыз.

Бұған дейін бір рет жеңіп, бір рет жеңіліп, екі рет тең ойнаған “Қызылжарға” ұпай ауадай қажет еді. Егер осындай кездесулерде бөрікті аспанға атпасақ, азулы командалармен терезе теңестіру қиындайды. Ал Чурчичтей бапкер бастаған, Мульдиновтай капитан қостаған солтүстікқазақстандықтар сәуірдің суығында сап түзей отырған жанкүйерлерді жерге қаратпады. Алғашқы таймның соңына таман есеп ашты. Айып алаңына асырылған теңбіл допты Анатолий Козленко баспен тура бағыттап, дүйім жұртқа қуаныш сыйлады. Үзіліске қос ұжым 2 де 0 есебімен кетер еді. Тартысты сәттердің бірінде астаналық футболшылар қақпаға таяған теріскейлікті аяқтан шалды. Алайда, айқын пенальти берілмеді.

Алғашқы тайм аяқталды, таблодағы есеп – 1 де 0. Ойыннан ерекше әсер алған жанкүйерлер екінші таймды тағатсыздана күтуде.

Мынандай қолдаудан “Қызылжар” футболшылары қуат алды. Жерлестеріміз екінші таймда тамаша ойын өрнегін көрсетіп, қонақтардың қақпасын үш рет дәл көздеді.

“Қызылжар” сапындағы Йоаннес Бьярталидті ерекше атап өту керек. Фарер аралдарының намысын қорғайтын футболшы екі гол соқты және екі голдық пас берді. Ол “Матчтың үздігі” деген атқа әбден лайық.

4 те 0. Сенімді жеңістен кейін “Қызылжар” турнирлик кестеде төрт сатыға көтерілді. Алда “Қайрат”, “Елімай”, “Оқжетпес”, “Ордабасы” тұр. Ендігі ойын мұнайлы қалада “Атырауға” қарсы өтеді. Бұл матч сәуірдің 19-шы жұлдызына белгіленген.