Экология

Таза қала – ортақ жауапкершілік

Петропавлда «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тұңғыш Президент саябағында өткен шараға жастар мен еріктілер жиналып, аумақты ретке келтіруге кірісті. Қатысушылар қоқыс жинап, демалыс орнын көркейтуге үлес қосты.

БАТЫРХАН ҚАЛЕЛ, қала тұрғыны:

— Мен бұл жерге футбол ойнауға келген едім. Алайда, мұнда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтіп жатқанын көріп, бірден көмектесуді жөн көрдім. Ортақ іске атсалысып, қоршаған ортаның тазалығына өз үлесімді қосқым келді. Осындай игі бастамаларға бейжай қарамай, әрқайсысымыз атсалыссақ, қаламыз одан әрі көркейе түсері анық. Тазалық – бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Шара барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Ұйымдастырушылар қатысушыларға табиғатты қорғаудың қарапайым тәсілдерін еске салды. Сонымен қатар, тазалықты сақтау күнделікті әдетке айналуы тиіс екені айтылды. Белсенді топтардың бастамасы қоғамның түрлі өкілдерін біріктіріп отыр. Жастар бұл бағыттағы жұмыстарға тұрақты түрде атсалысып келеді.

ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚФ төрағасы:

— Бүгін біз кезекті сенбілікке шығып, қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қостық. Әр сенбі сайын жастар бірлесіп, қоршаған ортаны ретке келтіруге белсенді түрде атсалысып келеді. Бұл игі шара «Таза қала» акциясы аясында ұйымдастырылып, тұрғындарды тазалыққа, жауапкершілікке шақыруды көздейді.

Аймақта мұндай экологиялық шаралар жүйелі сипат алған. Олар тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде.

Жангельді Жамалиев