Құқық қорғау органдары

Петропавлда 3 мың литрден астам заңсыз алкоголь өнімдерін сақтау дерегі анықталды

Петропавлдық полицейлер құрамында спирті бар өнімнің ірі партиясын анықтады. Алкоголь белгісіз серіктестіктің маңында орналасқан контейнерде болған. Заңсыз өнім 5 литрлік пластик бөтелкелерге құйылыпты. Оның иесі тәртіп сақшыларына ішімдіктің қауіпсіздігін растайтын ешқандай құжат ұсына алмаған.
Полицейлер барлығы 656 бөтелке тәркілеген. Оның жалпы көлемі 3280 литрді құрайды. Құрамында спирті бар сұйықтық сараптамаға жіберілді. Заңсыз өнімнің иесі – 35 жастағы азамат. Оған қатысты әкімшілік материал жиналып жатыр.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ – қалалық ПБ бастығы:

— 11 сәуірде Петропавл қалалық ПБ қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара өткізу барысында 3 мың литрден астам заңсыз алкоголь өнімін анықтады. Ұсталған ер адам ішімдікті сауда орындарына жіберіп үлгермеген.

Бұл – облыста жыл басынан бері тіркелген заңсыз алкогольдің ең ірі партиясы. Үш ай ішінде полицейлер 2 жарым мың литрге жуық алкоголь өнімінің заңсыз айналымға түсуіне жол бермеген.

Ұлан Ыдырыс