Қалалық мектептептердің ата-аналары арасында волейболдан ұйымдастырылған “Достық” лигасы өз мәресіне жетті. Бүгін ақтық сынға жолдама алған 4 команда кіл мықтыны анықтайды. Жалпы өткен жылдың күз айынан бері бастау алған аталмыш турнирге 16 команда қатыстқан. Оның өтуіне ұйытқы болып отырған – Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің ұжымы.
БИКЕШ ҚАСЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің директоры:
— Өткен жылы дәл осы «Достық» лигасы мектеп ішінде өткен болатын. Оған 50 сыныптың ата-аналары қатысып, жүлделі орындар алған болатын.
Міне шешуші сәт те келіп жетті. Соңғы ойын М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі мен 26-ны орта мектеп арасында өтті. Кездесу тартысқа толы болды, қос команда да барын салды. Алма-кезек шабуылдар толассыз жасалды. Соңында алаң иелері жеңімпаз атанды. IT-мектеп-лицейінің ұжымы екі кезең бойынша айқын басымдықпен жеңіске жетті.
БЕРІК ӘБІЛМӘЖІНОВ, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі командасының ойыншысы:
— Барлық кездесулер, турнир де жоғары деңгейде өтті. Маусымдағы соңғы ойын еді, жеңіске жеттік. Бірақ, топ жармағанымыз өкінішті. Қарсыластар өте мықты болды, кездесулер тартысты өтті. Аталмыш турнирге мен алғаш рет қатысып отырмын, сайыс керемет көңіл-күй сыйлады, ата-аналар арасындағы ауызбіршілікті нығайтты. Енді «Достық» турнирінің келесі маусымында да ойнауға бел буып отырмын.
Айта кетейік, жалпы турнир қортындысы бойынша Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектеп ұжымы жеңімпаз атанды, олар бас жүлде, яғни 150 мың теңге ұтып алды. Ал екінші орынға жайғасқан М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің командасы 100 мың теңгені қанжығаларына байлады. Үшінші орын, тиісінше 50 мың теңге Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ата-аналарына бұйырды.
Ұлан Ыдырыс