Білім

Цифрландыруды дамыту – басты назарда

Облысқа жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мен Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун оқытушылармен және жастармен кездесті. Маңызды шара “Қызылжар” креатив орталығында өтті. Жиын барысында заман игіліктерін пайдаға жарату және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалық өзгерістер талқыланды. Сонымен қатар, деректер қауіпсіздігіне де ерекше мән берілді.

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Цифрлық технологиялар тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы онлайн форматта қолжетімді. Үйде отырып-ақ біраз шаруа тыңдыруға болады. Заман игіліктерін пайдаға жаратсақ қана зор жетістіктерге жете аламыз. Сондықтан жастар салаға көптеп келсе екен деймін.

Шара аясында Екатерина Смышляева мен Дмитрий Мун “Қызылжар” креатив орталығының жұмысымен танысты. Бұл – стартап аллеясы. Мұнда жастар келген меймандарға өздері ойлап тапқан бағдарламаларды көрсетті. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі олардың қарқынын жоғары бағалады.

ДМИТРИЙ МУН, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

— “Қызылжар” креатив орталығы еліміздегі IT-хабтардың көш басында тұр деп айта аламын. Жастарға бар жағдай жасалған. Тек ниеттері болса болғаны. Бүгін ұл-қыздар жасаған бағдарламалармен таныстым. Көңілден шыққандары бар. Алдағы уақытта республика деңгейінде шығарып, пайдаға жарату қажет.

Соңғы жылдары облыста цифрлық технологияларға ерекше көңіл бөлінуде. Жұмыстарды жіпке тізсек, өңірдегі ауылдардың 93 пайызы сапалы интернетпен қамтылған. Жарты жылдың ішінде аудандарда 11 IT-орталық ашылды. 5 жылдың ішінде 46 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Барлық мектеп цифрлық платформаларға қосылған. Маңызды іс алдағы уақытта жалғасын табады.

Нұрасыл Ахмет