Солтүстік Қазақстан облысында ылғал жабу жұмыстары қарқын алды. Маңызды іске Айыртау ауданындағы “NURSAM” серіктестігі 5 күн бұрын кіріскен. Мамандардың қарқыны жаман емес. Күніне 200 гектар аумақта ылғал жауып жүр. Биыл қар тез еріп, көктем ерте келді. Сондықтан, танаптағы ылғалды сақтап қалу қажет. “NURSAM” серіктестігі биыл былтырғыдан да мол өнім алуды көздеп отыр.
НҰРЛАН РАХЫМЖАНОВ, “NURSAM” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
— Серіктестік 2014 жылы құрылды. 2 мың гектар аумаққа дән сіңіреміз. 20-ға жуық адам жұмыс істейді.
Серіктестік мамандары былтыр орташа есеппен гектарына 25 центнерден өнім алған. Техниканың тілін механизатордан артық ешкім білмейді. Түсірілім барысында трактор тізгіндеген жандармен тілдестік. Олар қыс бойы техникаларды жіті қарап, маңызды науқанға дайындаған.
ЕРБОЛАТ РАЕВ, “NURSAM” ЖШС механизаторы, Айыртау ауданы:
— Серіктестікте еңбек етіп жүргеніме 5 жылдан асты. Жұмысым өзіме ұнайды. Іске кіріспес бұрын техниканы жіті тексереміз.
Айта кету керек, биыл Айыртау ауданында егіс науқанына 200-ден астам серіктестік шығады. Олар 390 мың гектар аумаққа дән сіңірмек.
Нұрасыл Ахмет