Қоғам

Петропавлда аялдамалар жуылып жатыр

Петропавлда 390 аялдама павильоны бар. Оның 95 пайызы – стандартты үлгідегі кешендер. Соңғы 3 жылда тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында шаһарға 18 жайлы аялдама орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

— 2026 жылы аялдамаларды күтіп ұстау және жөндеу бойынша жоспалы жұмыстар жүргізілуде. Дәлірек айтсақ, күрделі жөндеу, шатыр жабындарын ауыстыру, сырлау, орындықтарды жөндеу және орнату жұмыстары атқарылуда. Бұдан бөлек, көктем, жаз және күз мезгілдерінде аялдамаларды жуу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Күн сайын аялдамаларда автобус күтіп мыңдаған адам тұрады. Сондықтан, павильондар таза болуы қажет. Бұл маңызды жұмыспен шаһарда “Urban Kyzylzhar” серіктестігі айналысады. Олар аялдамаларды жуып, әсем күйге келтіреді.

ДИАС МАЙКИН, “Urban Kyzylzhar” ЖШС директоры:

— Қыстан кейін аялдамалар күрделі тазалау жұмыстарын қажет етеді. Біз күніне 30-40 кешенді жуамыз. Бір аялдаманы тазалауға 25 минут уақыт кетеді. Маңызды істі атқарған кезде арнайы тексерістен өткен заттарды пайдаланамыз.

Түсірілім барысында қала тұрғындарымен тілдестік. Олардың аялдамаларды жуып-тазалау жұмыстарына көңілі толады.

— Қаламыздағы аялдамалар өте таза деп айта аламын. Өзім қанша уақыттан бері бақылап жүрмін. Маңызды жұмыс әсіресе соңғы кезде қарқын алды.
— Аялдаманы жаңа ғана жуып кетті. Алғысымыз шексіз. Жұмыс тоқтап қалмаса екен деймін.

Жуып-тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көріп тұрмыз. Тұрғындар тарапынан да кері байланыс болуы керек дейді мамандар. Халық қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауы тиіс. Өкінішке қарай, арамызда қоғамдық тәртіпті аяқасты еткендер де бар. Былтыр шаһарда 25 адам аялдамалардағы әйнектерді сындырған. Бұзақылар 15 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамалып, айыппұл төледі.

Нұрасыл Ахмет