Балалар

Өнер колледжі студенттеріне “Закладчики.Мать” фильмі көрсетілді

Ағымдағы жылы өңірде есірткі қылмысының 68 дерегі тіркелген. Оның барысында полиция қызметкерлері тыйым салынған заттың 10 келісін тәркілеген. Осы орайда өңір тәртіп сақшылары қоғамдық даму және ақпарат орталығымен бірлесіп “Закладчики.Мать” фильмін Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандырылған мектеп-интернатында көрсетті.

АЛМАГҮЛ ҒАББАС, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Заң және тәртіп тұжырымдамасына сәйкес біз көптеген іс-шаралар ұйымдастырамыз. Оның барысында арнайы фильмдер көрсетіп, интерактивтер өткіземіз. Басты мақсат – жастарды заңға қайшы істерден сақтау. Осы орайда бүгін Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінде алғаш рет студенттер назарына деректі фильм ұсындық. Бұл фильм шын өмірден алынған оқиғаларға негізделген, ондағы кейіпкерлердің өздері де шынайы. Сол себепті, көрермен бұдан сабақ алып, заңның ала жібін аттамайды деген үміттеміз.

Іс-шараға 1-ші және 3-ші курс аралығындағы 50-ге жуық студент қатысты. Жастардың сөзінше, фильмнен олар біраз нәрсе түйген.

ӨМІРҰЗАҚ ЕРКЕШ, студент:

— Фильм маған өте қатты ұнады. Ол жастарға болашақта есірткіге жоламау керек екенін түсіндіреді.

Қоғамдық даму және ақпарат орталығының өкілдері аталмыш іс-шараны алдағы уақытта өзге де колледждерде өткізуді жоспарлап отыр.

Ұлан Ыдырыс