12 сәуір – Ғылым күні қарсаңында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының еншілес ұйымдары жылдағы дәстүр бойынша арнайы іс-шаралар өткізеді. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты да бар. Түрлі бастамалар өмірге келген ұйым өкілдері бүгін дөңгелек үстел жиынын ұйымдастырды. Оған егін шарауашылығы мен мал шаруашылығы мамандығы бойынша білім алатын студенттер және магистранттар қатысты. Жиын барысында зерттеу институтының ғалымдары жастарға саладағы жаңашылдықтар мен жаңа технологияларды таныстырды. Соның бірі – ірі қара ұстайтын жандарға арналған бағдарлама.
ДАНИЯР ЖАНТІЛЕУОВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
— Қағаздар керек емес, бір енгізсең, осы бағдарламада ұзақ уақыт сақталады. Ол арқылы төлдің салмағын өлшеп, оның жасын дәл анықтап алуға болады.
Жиынға қатысушылардың бірі – Мәкен Зикирин. Қозыбаев университетінің 3-ші курс студенті агроном мамандығы бойынша білім алады. Бүгінгі іс-шараға ол қызық әрі тың дүниелерді білуге келген екен.
МӘКЕН ЗИКИРИН, Қозыбаев университетінің студенті:
— Бүгін зерттеу орталығының ғалымдарымен кездесіп отырмын. Жиын үстел өте пайдалы өтеді деген ойдамын. Жаңа технологияларды үйреніп, білікті мамандардың ақыл-кеңестерін тыңдаймын. Өз басым бұған дейін “Академиялық ұтқырлық” бағдарламасы бойынша Польшаға барып келдім, тәжірибе жинақтадым. Енді болашақта өз ісімнің шебері болғым келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымы алдағы уақытта да осы бағыт бойынша ілкімді іс тындырмақ ниетте. Яғни, осы сынды дөңгелек үстелдер мен пайдалы іс-шаралар әрі қарай өз жалғасын табады.
Ұлан Ыдырыс