Қарты бар елдің қазынасы бар. Петропавлда облыстық ардагерлер ұйымының IX есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Маңызды жиынға өңірдің түкпір-түкпірінен келген аға буын өкілдері қатысты. Шара шымылдығын ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қоғамның алтын діңгектерінің аймақтың дамуына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өскелең ұрпақ – сіздермен қаланған іргетастың заңды жалғасы. Сіздердің арқаларыңызда қай сала болмасын қарышты дамып келеді.
Тағылымы мол шараға “Ардагерлер ұйымы” РҚБ орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы келген. 40 жылдан астам уақыт мемлекетте қызметте еңбек еткен азамат облыста атқарылып жатқан ілкімді істер мен ардагерлер кеңесінің жұмысын жоғары бағалады.
БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, “Ардагерлер ұйымы” РҚБ орталық кеңесінің төрағасы:
—СҚО – мемлекетіміздің аграрлық-индустриялық күретамыры ғана емес, бірлік пен еңбекқорлықтың белгісі. Сіздердің еліміздің гүлденуіне қосқан өлшеусіз үлестеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіді жоғары бағалаймын.
Аға буын өкілдері – қоғамның алтын діңгегі. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің құрамында 104 мыңнан астам зейнеткер бар. Өмірден көрген-түйгендері мол, білікті де білімді жандар ерінбей еңбек етіп жүр. Бүгінде қазыналы қарияларымыз елдің тұрақтылығы мен ауызбіршілігін сақтауға ықпал етіп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Жастарды тәрбиелеу ісінде де баға жетпес ақылдарын айтып жүр.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, біз атқарған әр жұмыс әкімдік қолдауымен жүзеге асты. Алдағы уақытта да ортақ мақсатқа жетелейтін ынтымақтастағымыз өз жемісін берері сөзсіз. Халықтың тұрмыс жағдайына көңіл аударып, тыныс-тіршілігіне құлақ түрсек ардагерлердің де беделі артады.
Алқалы жиында ауқымды жұмыс атқарған ардагерлер ұйымдары анықталды. Алдыңғы қатарда шалақындық қариялар да бар. Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің құрамына 3 мың 600-ден астам зейнеткер кіреді. Оның 80-ге жуығы – тыл ардагері.
ТҰРАР ОРАЗАЛИН, Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Соңғы бес жылда атқарған жұмыс көлемі ауқымды. Аудан орталығында әкімдіктің қолдауымен “Данқ аллеясын аштық. Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымызды жіті зерттеу үстіндеміз.
Шара барысында облыс әкімі Ескендір Елеусізовті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне қайта сайлауды ұсынды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген қариялар аймақ басшысын бірауыздан қолдады. Сонымен қатар, алқалы жиында облыстың дамуына зор үлес қосқан аға буын өкілдері марапатталды.
Шара аясында кең көлемді көрме қанат жайды. Онда әр аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысы толықтай көрсетілген.
Нұрасыл Ахмет