Көктемгі егіс жұмыстарының қарсаңында өңір диқандары бас қосты. Петропавлда “Агроөнеркәсіптік кешендегі технологиялық жаңғырту және жасанды интеллектіні пайдалану” атты семинар-кеңес өтті. Маңызды жиында өткен жыл қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды. Еңбеккерлерге өнімділікті арттыру бағытында мол ақпар берілді. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты. Диқандарымыз 7 млн тоннадан астам өнім алды. Бұның барлығы – қажырлы еңбек пен мемлекет қолдауының арқасы.
Семинар-кеңеске ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин арнайы келген. Ол еңбеккерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтып берді.
АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
— Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдауға 1 трлн теңге бөлінді. Нәтижесінде 27 млн тоннаға жуық өнім алдық. Бұл 2024 жылға қарағанда 1 млн тоннаға көп. Қазіргі таңда диқандар “Кең дала”, “Кең дала-2” бағдарламалары бойынша және “ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы жеңілдетілген пайызбен несие ала алады.
Биыл облыс диқандары 4 млн 300 мың гектар аумаққа дән сіңірмек. Өңірімізде дәнді дақылдар алқабы қысқартылып, есесіне майлы және жем-азық жерлері кеңейтіліп отыр. Мемлекет тарапынан еңбеккерлерге зор қаржылық қолдау көрсетілген. Маңызды ақпармен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бөлісті.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Биыл облыс диқандарына “Кең дала”, “Кең дала-2” бағдарламалары аясында 100 млрд теңге несие берілді. Серіктестіктер берілген қаражатқа заманауи техника, тұқым, жанармай сынды қажетті дүниелерін сатып алды. Көктемгі егіс жұмыстарына толығымен дайынбыз деп айта аламын. Маңызды істі сәуірдің ортасында бастауды жоспарлап отырмыз.
Семинар-кеңестен диқандар мол ақпар алды. Ойға түйгендерін көктемгі егіс жұмыстарында пайдаға жаратады.
АЛТЫНБЕК МАҒЫМОВ, Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
— Мұндай семинар-кеңестердің көктемгі егіс жұмыстарының қарсаңында пайдасы зор. Былтыр аудандағы орташа шығымдылық 20 центнерден асты.
Шара аясында кең көлемді көрме қанат жайды. Аграрилер назарына жаңа техникалар, агродрондар мен сапалы тұқым түрлері және гербицидтер ұсынылды. “Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды” демекші, мұндай маңызды жиындар жиі өтіп тұруы тиіс”, – дейді жиынға қатысқан диқандар.
Нұрасыл Ахмет