Мәдениет

Қаймағы бұзылмаған Аралағаш

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

— Бұл елдің ерлері аттан түспейді, ал қазаны оттан түспейді. Кесте тігер қыздары да жетерлік. Ақылгөй аталар бата берсе, әжелеріміз сары алтыннан қымбат салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді сары майдай сақтайды. Аққайың ауданындағы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Аралағаш. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ат терлетіп арнайы келдік. Қазір Жаңа жылға дайындықпен танысамыз.

Қырынан қаз ұшып, айдынына аққу қонған Аралағаш – ұлттық өнердің алтын бесігі. Қасиетті топырақта шыр етіп өмірге келген әр шақалақ домбыраның шанағымен ойнап өседі. Тиектей ғана мына ұл-қыздардың бойында тектілік бар. Бұл – заңды құбылыс. Киелі мекеннен тұлғасы таудан биік азаматтар, дауысы жер жарған әншілер мен мың бұралған бишілер шыққан.

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

— Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра. Бұл – Аралағаш жастарының ұстанымы. Қазіргі таңда ауылда ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірме бар. Оған 20-дан астам бала жазылған.

БҰЛБҰЛ БЕЙСЕНОВА, Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі домбыра үйірмесінің жетекшісі, Аққайың ауданы:

— Балаларда ынта бар. Бұл – алғашқы буын. Бұның алдында 2 буын аяқтады. Шәкірттерімнің арасында аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпаздары бар.

Аралағаштың атын шығаратын ендігі жастар – осылар. Бірі домбыраны қолына бір ай бұрын алса, екіншісі бір апта бұрын ғана ұстапты. Бойда ниет, ауылда тәлім берер ұстаз бар. Демек, өңірімізден кешегі Әміре мен Диналардың жалғасы шығады.

ҰЛЖАН АЮПОВА, Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

— Домбыра тартып үйрендім. Нұрай деген әпкем домбыра тартады, соған қарап үйрендім. Қазір “Би күйі” күйін үйреніп жатырмыз.

Өнерлі өрендер оркестрі домбырашылармен шектелмейді. Мұнда өзге де музыкалық аспаптарды ұстаған балалар бар.

ЕРДОС СЫРЫМ, Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

— Мен 4-ші сыныпта оқимын. Үшбұрыш – музыкалық аспап. Оркестрдегі аспаптың бірі. Өзіме осы ұнайды. Болашақта пианино, гитара сыныптарына барғым келеді.

Сахнадағы балалар Наурызда алғаш рет көпшілік алдына шығады. Яғни, болашақ жұлдыздардың тұсауы кесіледі.

БҰЛБҰЛ БЕЙСЕНОВА, Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі домбыра үйірмесінің жетекшісі, Аққайың ауданы:

— Балаларымыз өнер көрсетеді. Бізде Наурыз мерекесі өте жоғары деңгейде өтеді. Қазақы ауыл болғандықтан салт-дәстүрді ұстанамыз.

Ақ жаулықты әжелердің ән салғаны бір ғанибет емес пе?! Аралағашта алдыңғы буын өкілдерінен құралған топ бар. Талай думанның сәні, отбасының мәні болып жүрген жандар – осы кісілер.

ӨНЕРГҮЛ МҮСӘЛІМ, “Асыл әжелер” тобының көркемдік жетекші, Аққайың ауданы:

— Әжелер тобы 2021 жылы құрылды. Басында “Шолпан” атты әйелдер тобы болды. Қазір әжелер тобы болып құрылдық. Шараларға қатысамыз, көрші ауылдарға, аудан орталығына барамыз.

“Асыл әжелер” тобына 8 адам мүшелік етеді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін аяққа тұрғызған ақ жаулықты аналардың қолы қалт етсе, мәдениет үйінде жүздеседі. Дайындық, кештерге қатысу азаматшаларға шаттық, сергектік сыйлайды.

МӘРАШ МАҚАЖАНОВА, “Асыл әжелер” тобының мүшесі, Аққайың ауданы:

— Топқа қосылғаныма 1 жыл болды. Осы топтың арқасында көңілді болып жүреміз. Өзімізе ұнайды.

Өкінішке қарай, “Асыл әжелер” тобы әзірге облыстық шараларға қатыспапты. Егер шақырту жолданса, Аралағаштағы әншілер қуана қабыл алып, өнер көрсетуге дайын.

Ұлан Ыдырыс