Балалар

СҚО-да өткен жылы 9 мыңнан астам баланың құқығы қорғалған

Петропавлда кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесіне арналған панельдік пікірталас өтті. Іс-шара барысында жасөспірімдер арасында кездесетін түйткілдер талқыланды. Жиынға ата-аналар, студенттер, прокурорлар мен психологтар қатысты. Мамандар өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Облыс прокурорының көмекшісі Рустам Насиров балаларға қатысты әділетсіздікке тоқталды.

РУСТАМ НАСИРОВ, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

— Бізде көбіне тұрғын үй заңнамасын бұзу фактілері кездеседі. Яғни, заңды түрде балаға берілген үйде басқа адамдар тұрып жатады. Мұндай жағдайда қабылданған шаралар арқылы баспана босатылып, балалар өз үйлеріне көшіріледі. Инклюзивті білім беру саласында да бұзушылықтар кездеседі. Мәселен, сыныптарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етпеу. Барлық факті бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Өткен жылы 9 мыңнан астам баланың заңды құқығы қорғалды.

Басқосуда ұл-қыздардың жандүниесі жайлы да айтылды. Психологтардың сөзінше, жасөспірім шақта балаға қысым жасамаған жөн. Көбіне ата-аналар балаларын түсінбейді, керісінше ұрсып, агрессия көрсетеді. “Мінез-құлқы қалыптасып, ой-санасы даму үстіндегі балаға керісінше қолдау көрсетіп, онымен ашық сөйлесіп, ішкі жан дүниесіне үңілген абзал”,- дейді психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Наталья Качалкина.

НАТАЛЬЯ КАЧАЛКИНА, психологиялық қолдау орталығының директоры:

— Облыста өткен жылы буллингтің салдарынан болған 21 психологиялық жарақат тіркелді. Бұл сан жылдан жылға өсіп келеді. Бізге жақындарынан, қатарластарынан зәбір көрген немесе күйзеліске түскен жастар көбіне анонимді түрде хабарласады. Көңілі құлазудың себебі – ата-анамен, ортамен арадағы түсініспеушілік. Біз олармен біраз профилактикалық жұмыс жүргіземіз, ата-анасымен кездесеміз.

Жиында белсенді жастар да сөз сөйледі. Олар өздерінің күнделікті өмірі жайлы әңгімелеп, бос уақытты тиімді ұйымдастыру тәсілдерімен бөлісті. Өмірзақ Еркеш – өнер колледжінің студенті.
Белсенді жас көңілдегі қуаттан айырылмау үшін адам өзін-өзі дамытып, сүйікті ісімен айналысып, айналаға мейіріммен қарау керек.

ӨМІРЗАҚ ЕРКЕШ, студент:

— Мен блог жүргіземін, видео түсіремін, ән айтамын. Шешілмейтін қиын жағдайлар болып жатса, ата-анама, психологқа жүгінемін.

“Жаны сауды тәні сау” демекші, жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және олардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған шаралар жастардың ортасында жиі ұйымдастырылмақ.

Мәдина Қаби