Солтүстік Қазақстан облыстық Бейнелеу өнері мұражайында “Әрқилы акварель” атты көрме ашылды. Бұл – дәстүрлі шара. Көктем мерекелері қарсаңында жылда ұйымдастырылады.
ВЕРА ГОНЧАРОВА, облыстық бейнелеу өнері музейінің бөлім меңгерушісі:
— Бұл көрме жыл сайын көктемнің келуіне орай ұйымдастырылады. Басты талап – акварель техникасының сақталуы. Себебі, акварель көктемнің шуақты, жұмсақ, мөлдір күндерімен әдемі үндеседі. Көрмені осы бағытта еңбек етіп жүрген суретшілер мен акварель шеберлерінің бастамашыл тобы өткізеді. Бұрын шетелдік суретшілер де қатысып, жоба халықаралық сипатқа ие болған. Осы жылы тек өңіріміздегі қылқалам шеберлерінің жұмыстары көрсетілген.
Биыл көрмеге әртүрлі авторлардың 48 туындысы қойылған. Олардың қатарында жас суретшілер де, тәжірибелі қылқалам шеберлері де, педагогтар мен студенттер де бар. Тіпті өзге салада еңбек етсе де, акварель өнерін жанға серік еткен дарындардың жұмысы ұсынылған.
— Бүгін көрмеге суретерді тамашалауға келдім. Арасында қызық жұмыстар бар екен, әсіресе “Алиса ғажайыптар әлемінде” атты сурет ерекше ұнады. Бұл суретте фильмнің әр тұсы дәл жеткізілген.
— Мында бірінші рет келіп тұрмын. Кездейсоқ бас сұқтым десем болады. Шынымды айтсам, таң қалдым. Әр сурет ерекше, әрқайсысының өз философиясы бар. Адамды баурап, ерекше әсерге бөлейді екен.
Көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Өнерсүйер қауым мұражайға келіп, таланттардың жұмыстарымен тегін таныса алады.
Жаннұр Бектурганова