БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Асыл жандар – батыл жандар! Олардың іс-әрекеттеріне шүбә келтіре алмаймыз. Мысалы, операциялық үстелдің жанында сағаттап тұрып, ота жасайтын дәрігерлер – нағыз батырлар. Біз Петропавлдағы кардиологиялық орталықтамыз. Бұл жерде мыңдаған адам өмірін жалғастыру мүмкіндігін иеленді. Науқастарға ем-дом көрсеткендердің қатарында Анар Даутбаева да бар.
Талай жанның жүрегіне жол тапқан Анар Даутбаева кезекті отаға дайындалып жатыр. Ал операциялық үстелге 1946 жылы өмірге келген нәзікжанды жатқызылған. Оған диагностикалық коронарография жасалмақ. Бұл – аса жауапты операция. Білікті интервенциялық кардиолог бастаған мамандар жүректің артериясын, қан тамырларының анатомиясын және қаншалықты бітелгендігін тексереді. Сол бойынша алдағы ем-дом жоспары құрылады. Яғни, қателікке жол жоқ. Әйнек арқылы бөлінген бөлмедегі ота шамамен жарты жағатқа созылды. Дәрігер өміріне үмітпен қараған науқасқа барлығы сәтті өткенін айтты.
Анар Даутбаева – жүзінен шуақ шашылған дәрігер. Мамлют ауданындағы Меңкесер ауылының тумасы. Бала күнінде журналист болуды қалапты. Алайда, жоғары сыныптарға көшкенде әкесінің айтуы бойынша ақ халат киюді жөн санаған.
АНАР ДАУТБАЕВА, СҚО кардиологиялық орталықтың интервенциялық кардиологы:
— Ауылда оқыдым. Әкем отбасымыздан бір дәрігер шыққанын қалады. Сол үшін осы мамандықты таңдадым. Күніне 5-6 операция болады.
Анар Серғалиқызы қашан да арық сөйлеп, семіз шыққанды жөн көреді екен. Оның нәзік қолдарымен былтырдың өзінде мыңнан астам операция жасалған. Ат басындай алтыннан қымбат өмірді сақтап қалған жандардың алғысын есту – дәрігер үшін ең үлкен бақыт. Жақында маман біліктілігін арттыруға аттанады. Ағылшын тілін жетік меңгерген жерлесіміз Қытайға жол тартпақ.
АНАР ДАУТБАЕВА, СҚО кардиологиялық орталықтың интервенциялық кардиологы:
— Медициналық тәжірибеден өтуге барамын. Түрлі операцияға қатысамыз, жануарларға тәжірибе жүргіземіз.
Алдағы мерекеде құшағы гүлде толатын азаматша әріптестері арасында сыйлы. Оның шеберлігін барлығы жоғары бағалайды.
ДМИТРИЙ ТЁ, СҚО кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
— Қазақстанда әйел хиругтар өте аз. Соның бірі өзіміздің қатарымызда еңбек етіп жүр. Өз басым Анар Серғалиқызындай әріптесім барына қуанамын. Ол ер азаматтардың да иығына салмақ түсіретін ауыр костюмдерді киіп, рентген сәуледен шаршамай өте сапалы операция жасайды. Бұл мақтанарлық жайт. Жақында Қытайға шығарып саламыз. Ол жақтан мол тәжірибе әкеледі, біздің ұжымға айтары, үйретері болады.
Әзірге өңірімізде жалғыз интервенциялық кардиолог бар. Яғни, облыста Анар Даутбаева ғана мұндай операция жасайды. Нәзікжанды 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күні демалады. Бөлімше меңгерушісі Дмитрий Тё бастаған ер азаматтар қауымы азаматшаға жылда осындай сыйлық жасайды екен.
Байболат Құлтанов