СҚО әкімдігі

Жаңа Конституция: облыстық әкімдікте Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер талқыланды

Бірер күн бұрын Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Ата заңның жобасын жариялады. Ол кіріспе, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Ал бүгін облыс активі күтілетін саяси өзгерістерді талқылады. Жиын шымылдығын ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа құжат – әділетті Қазақстанның берік іргетасы болатынын атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Президент бірпалаталы Парламент құру туралы ұсынысын өз Жолдауында да айтқан болатын. Бұл шешім еліміздің дамудың даңғыл жолуына түсуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын.

Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім ел мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді. Егемендік пен тәуелсіздік және біртұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар Конституция деңгейінде бекітілген. Бұл – бұрын-соңды тіркелмеген жаңашылдық. Ел ағасы Ескендір Елеусізов активтен Мемлекет басшысының бастамасын қолдауды сұрады.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Жобаның ашық түрде ұсынылуы және қоғамдық талқылауға түсуі қоғам мен билікті жақындастыра түседі. Жаңа Конституция – тұрақты дамудың кепілі.

Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында “Халық кеңесі” құрылатынын жеткізді. Жаңа мемлекеттік органның құрамына 120-дан астам адам кіреді. Әр саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар елдің дамуы үшін сүбелі үлес қосады, жаңа жобаларды өмірге әкеледі. Жиында сөз сөйлеген облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Тоқшылық “Халық кеңесінің” мемлекетке әкелер пайдасы зор деп санайды. Айта кету керек, Ерлан Бейсенұлы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына енді.

ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

—  Біз ұсынып отырған өзгерістер – мемлекет тұрақтылығына салынған ұзақ мерзімді инвестиция. Бұл дағдарыстың алдын алуға, қоғам мен биліктің арасындағы сенімді нығайтуға және мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға маңызды міндет жүктелген. Таңдаулы азаматтарға 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Олардың барлығы қабылданды, жіті қаралды. Енді халық таңдауына шығарылады.

Нұрасыл Ахмет