Өткен жылы облыс жолдарында 600-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 47 адам қаза тауып, 800-ге тарта адам жарақат алған. Апаттың дені жүргізушілердің кінәсінен болған. Осындай жайттардың алдын алу мақсатында өңірде “Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі” атты профилактикалық шара ұйымдастырылды.
АЙТУҒАН ҚАСКЕРБАЕВ, СҚО прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары:
— “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында акция ұйымдастырлды. Мақсат – жол-көлік оқиғасын азайту, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Науқан облыстық прокуратура, облыстық көлік прокуратурасы, полиция департаменті мен еріктілердің қатысуымен өтуде. Облыстық прокуратура жол қозғалысы қатысушыларына арналған ақпараттық жарнама әзірлеп, теріскейліктерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қаладан шығаберістегі “Южный” бекетінен күніне жүздеген көлік өтеді. Бүгін тәртіп сақшылары көлік жүргізушілерінің құжаттары мен жүкті тексеру үшін емес, жол-қозғалысы ережесін түсіндіру үшін тоқтатуда. Бұл аталған ережені сақтай отыра сіз өзіңіздің де, өзгенің де өмірін сақтап қала аласыз. Оны талай жыл көлік тізгіндеген Игорь Осинцев жақсы біледі. Азамат күнделікті қалаға қарай сүт тасиды. Темір тұлпар тізгіндегеніне 40 жылға жуықтапты.
ИГОРЬ ОСИНЦЕВ, көлік жүргізуші;
— Мен жұмыс бабымен үнемі жолда жүремін. Әр ауданнан жинаған сүтті қалаға тасимыз. Жолда неше түрлі адамды кезіктіресің. Жастардың дені жылдамдықты асырып, асығып жүреді. Осы орайда жігіттерге тәжірибелі жүргізуші ретінде жол қателікті кешірмейтінін айтқым келеді. Әрдайым жауапкершілік сезініп, сақ болған жөн.
Жалпы, жыл басынан бергі жол-көлік оқиғасына қатысты статистика көңіл көншітпейді. Биылғы жылдың алғашқы айының өзінде өңірде 25 апат орын алған. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Арасында кәмелетке толмағандар да бар. Тағы 30-ға жуық адам түрлі дене жарақатын алған.
Ақтолқын Солтанханқызы