Петропавлда бёрдвотчинг – құстарды бақылау мен әуесқой фотографияны біріктіретін бағыт бойынша тегін үш күндік курс өтті. Іс-шара барлық қызығушылық танытқан қала тұрғындарына арналған және алдын ала тіркелу арқылы ұйымдастырылған. Қатысушылар өңірімізде кездесетін құстарды ажыратуды үйреніп, оларды күнделікті серуен кезінде фотоға түсіру тәсілдерін меңгерді.
МИХАИЛ КАЛАШНИКОВ, шараны ұйымдастырушы:
— Оқыту курсы үш күнге жоспарланған. Бірінші күні қатысушылар жалпы бердвотчинг бағытымен, оның мәнімен және қажет құрал-жабдықтармен танысады. Екінші күні қала фотографтары мен жас натуралистердің қатысуымен шеберлік сабағы өтеді. Сонымен қатар, фотокөрме ұйымдастырылып, қатысушыларға құстарды бақылау кезіндегі түрлі әдістер мен фотоаппаратураны дұрыс қолдану жолдары көрсетіледі.
Шараға шамамен 30-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында университет студенттері, қала тұрғындары және жалпы қызығушылығы бар жастар болды. Қатысу тегін, ал кәсіби техниканың болуы міндетті емес – смартфон, фотоаппарат немесе бинокль жеткілікті.
ӘЙГЕРІМ СЕРІКҚЫЗЫ, шараға қатысушы:
— Мен Қозыбаев университетінде “Биотехнология” мамандығында оқимын, іс-шараны афишадан көргенмін, ағылшын тілі мұғалімінің айтуымен осыған қызығып келдім.
Айта кетейік, қаламызда бёрдвотчингпен айналысатын арнайы клуб бар. Оның мүшелері өткен жылы өңір аумағында 200-ден астам құс түрін анықтап, солтүстік өңір бойынша экологиялық бағыттағы байқауда үздік нәтиже көрсеткен.
Жаннұр Бектұрғанова