Шетелдіктерге жер сатылмайды. Жақында БАҚ беттерінде елді елең еткізген дерек пайда болды. Бәз біреулер Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының мәтінінде өзге елдің азаматтарына жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген мәлімет таратты. Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Мұны Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мамандары растады. Орталықтың мәліметінше, қолданыстағы Конституцияның 6-бабы 3-тармағындағы жер мен табиғи ресурстарға қатысты норма жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз сақталған. Сонымен қатар, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия да бұл норманың өзгерссіз қалуға тиіс екенін растады. Егер бұрын мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы мәселелеріне қатысты ережелер қорытынды және өтпелі қағидаларда қамтылған болса, ал жаңа Ата заң жобасында олар конституциялық құрылыстың негіздері ретінде бастапқы тарауларда бекітілген. Бұл мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен базалық қағидаттарының өзгермейтіндігіне берілетін құқықтық кепілдіктерді едәуір күшейтеді.