Спорт

М.Жұмабаев ауданында “Солтүстік-2026” қысқы спорт мерекесі өтті

М.Жұмабаев ауданында “Солтүстік-2026” қысқы спорт мерекесі өтті. Бастомар ауылында ұйымдастырылған дәстүрлі додада ауданның үздік спортшылары күш сынасты. Олар президенттік көпсайыс, хоккей, шорт-трек және шаңғы тебу бойынша үздіктерді анықтады. Қуантатыны, ауданда салауатты өмір салтын ұстанатын жастар көбеюде.

АЗАМАТ ШӘРІПОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

— Ауданымызда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда қосымша білім беретін спорт үйірмелеріне 500-ге жуық оқушы барады. Күнтiзбелiк жоспарға 150-ден астам iс-шара енгізілген. Оларға жыл сайын 15 мыңнан астам адам қатысады. Былтыр дене шынықтыру инфрақұрылымын нығайту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.

Дәстүрлі дода – іріктеу жарысы. Аудандық кезеңде мықтылығын дәлелдеген спортшылардан алдағы уақытта команда жасақталмақ.

ҚАНАТ МҰСАТАЕВ, М.Жұмабаев ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

— Дәстүрлі додада 350-ге жуық спортшы бақ сынады. Жеңімпаздарды, көзге түскендерді арнайы тізімге қосамыз. Олар облыстық “Солтүстік-2026” қысқы спорт мерекесінде ауданымыздың намысын қорғайтын болады. Бұл айтулы шара ақпанның 19-ы мен 22-сі аралығында Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында өтеді.

Булаев қаласының спортшылары алтын жүлдені уыстап әкетті. Олар шаңғы, шорт-трек және қысқы президенттік көпсайыс бойынша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал хоккейден Бастомар ауылының жігіттері намысты қолдан бермеді.

 

Мадина Қаби