Спорт

«Қызылжар» ФК өзбекстандық ұжымды жеңе алмады

Осы күндері петропавлдық «Қызылжар» футбол клубы Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жаңа маусымға дайындық барысында жергілікті ұжым өзбекстандық “Локомотив” командасына қарсы жолдастық кездесу өткізді. Матчта есепті жерлестеріміз ашты. 14-ші минутта қарсылыс клубтың жартылай қорғаушысы Александр Кучеренко қателесіп, өз қақпасына гол соғып алды. Жеңістің ауылы алыс емес еді. Ойынның соңына таман өзбекстандық шабуылшы Темурхуджа Абдухоликов айып соққысын сәтті орындап, таразы басын теңестеріп кетті. Осылайша кездесу 1 де 1 есебімен аяқталды.