МТРА жаңалықтары

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Е.Тоғжанов Тайынша ауданында болды

Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Тайынша ауданына барды. Сапар барысында ол бірқатар ауылдарды аралап, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл жобалар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда Тайынша ауданында соңғы жылдары ауызсу мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Аудан басшылығының мәліметінше, 2025 жылы бұл бағытта ауқымды жобалар іске асырылған.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

— 2025 жылы ауданымызда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 9 жоба іске асырылды. Аталған жобалар 11 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталды. Осы мақсатта шамамен 8 млрд теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілді. Оның ішінде 6 млрд теңгеден астамы арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылды. Қазіргі таңда аудан бойынша елді мекендердің 100 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілген. Соның ішінде 76 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған, қалғандары локалды су құбырларына қосылған.

Премьер-министр кеңесшісінің жұмыс сапары Аймақ ауылынан басталды. Мұнда Ералы Лұқпанұлы Булаев топтық су құбырына қосу арқылы салынған тарату желілерінің жобасымен танысты. Аймақ ауылында 130-ға жуық үй түтін түтетіп отыр. Барлығы – 500-ден астам адам тұрады. Ауыл аумағында жалпы сыйымдылығы 100 текше метрді құрайтын екі резервуар орнатылып, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге жағдай жасалып отыр. Аймақ ауылының азаматы Сағидулла Тәсімов үшін таза ауыз судың үйге кіргізілуі – күнделікті тіршіліктегі үлкен өзгеріс. Бұрын су тасу машақат болса, бүгінде тұрмысы едәуір жеңілдеген.

САҒИДУЛЛА ТӘСІМОВ, Аймақ ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

— Судың үйге кіргізілуі біздің тұрмысымызды айтарлықтай жақсартты. Қазір өзіміз де ваннаға еркін шомыламыз, немерелеріміз келгенде де қиындық жоқ. Үйіміздің қаланың үйінен еш айырмашылығы жоқ десек болады. Бұрын ауылда үш су колонкасы болатын. Суды сол жерден таситынбыз. Ол көп уақыт пен күшті талап ететін. Ал қазір үйде су бар, тіршілік әлдеқайда оңайлады.

Сапар барысында Ералы Тоғжанов Дашко-Николаевка және Зеленый Гай ауылдарында да ауызсумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл елді мекендерде жүзеге асырылған жобалар туралы жауапты мамандар баяндады. Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары Тайынша қаласында жалғасты, мұнда ол ауызсу жүйесінің маңызды нысандарының бірі – сорғы станциясының жұмысымен танысты. Аталған нысан арқылы 13 елді мекен, яғни 20 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған тіршілік нәрімен қамтылып отыр. Сорғы станциясы тәулігіне 2 мың текше метрден астам көлемдегі су жеткізуге қауқарлы. Айта кету керек, жобаның жалпы құны 13 млрд теңгені құрайды.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:

— Бүгін біз 25-ке жуық ауылды қарап шықтық. Оның ішінде Тайынша, Ақжар, Шал ақын аудандары бар. Соларға байланысты 3 топ үлкен жұмыстар атқарды. Әрбір ауылдағы жұмыстарды толықтай қарап шықтық. Үйлерге толықтай су жеткізілген. Дегенмен, үйлерге қосу жөнінде бірқатар сұрақтар бар. Оны көктем айында толық қамтамасыз етеміз деп уәде берді. Жалпы, әрбір үйге су жеткізілген. Сондықтан, Президенттің берген тапсырмасы осы жерде орындалды деп айтуға болады.

Сапар қорытындысында Ералы Тоғжанов ауызсумен қамту – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды бағыт екенін атап өтті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да мемлекет бақылауында болады.

Жангельді Жамалиев