Мәдениет

Дайындық ауылында ән кеші өтті

Ерке Есіл, кербез Көкше – әлімсақтан. Егіз ел қоныс тапқан бір құшақтан”,- деп екі өңірдің бір-біріне деген жақындығын өлең арқылы жеткізген дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов. Өнер адамы көрші Ақмола облысынан теріскейге арнайы келіп, інісі Нұрқасым Хасеновпен бірге Дайындық ауылында ән кешін өткізді. Осыған дейін ағайынды өнерпаздар Ақмола облысы мен Ақжар ауданындағы 50-ге жуық ауылда тегін шығармашылық кеш ұйымдастырған. Өнер иелерінің сөзінше, Дайындық ауылында мерекелік шара өткізуге барлық жағдай жасалған.

СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, дәстүрлі әнші:

— Өзім Ақжар ауданынанмын. Ол жердегі бүкіл 20 шақты ауылды араладым. Көкшетау қаласында тұрғандықтан шаһарға жақын орналасқан 20-30 ауылда ән кешін өткіздім. Ағалы-інілі болып келдік. Қасымызда өнердегі ағаларымыз да бар. Халықтың көңілі көтерілсін, әнді тыңдап жандары жадырасын деп келдік.

Әннің де естісі бар, есері бар. Тыңдаушының құлағын тесері бар демекші. Мерекелік концертке жиналған қауым, мағыналы өлеңдерді естіп қана қоймай, көңіл-көтеретін әндерді де тыңдап бір серпіліп қалды.

Үлкен рахмет. Халықты жинап осындай концерт өткізіп жатыр.
Концерт жақсы өтті. Балалар да, ата-әжелер де көңіл көтерді. Осындай мерекелік кештер әрдайым болып отырсын.
Өте ұнады. Бүкіл халық, тұрғындар атынан Біржан Әбділманұлына үлкен алғысымды білдіремін.

Халықтың Біржан Шаймерденовке алғыс білдіріп жатқаны тектен-тек емес. Себебі, «Дайындық» серіктестігінің басшысы осыдан үш ай бұрын ауылға 300 адамға шақталған мәдениет үйін салып берген

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

— Көптен бергі арманымыз. Былтырғы жылы спорт сарайын ашқанда облыс әкіміне ендігі жылы мәдениет үйін саламын деп уәден берген едім. 2025 жылы құрылысты бастадық, жалпы 5 айдың ішінде оны аяқтадық. Әкім өзі келіп осы мәдени ошақты көріп қуанып кетті.

Біржан Шаймерденовтің айтуынша, аталмыш нысанда ай сайын мерекелік концерт өтеді. Бірақ, бұл басы ғана, алдағы уақытта елді мекен халқы шығармашылық кештерді жиі тамашалайтын болады.

 

Ұлан Ыдырыс