ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Санаулы минуттардан соң мына ғимаратта сот үкімі оқылады. Айыпталушы тұлға бір емес, бірнеше адамның өліміне себепші деп танылды. Отырыс басталмай тұрып прокурорлармен тілдесіп үлгердік. Қылмыстық істің басы-қасында жүрген қадағалаушы орган өкілдері күдіктіні соттан өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрапты.
Үкімді Солтүстік Қазақстан облыстық арнайы аудандық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов оқыды. Айыпталушы тұлға – Василий Буграков. Қылмыс жасауға итермелеген жайт – жеке араздық пен ішімдік ішу барысында туындаған жанжал. 4 бірдей адам отырған үйді өртеу кезінде ол мас күйде болған.
ЕРЛАН НҰРШӘРІПОВ, СҚО арнайы аудандық сотының судьясы:
— Сот Василий Иванович Буграковқа қатысты шешім қабылдады. Ол қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды. 2 және одан да көп адамның өліміне қасақана барған айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Құжаттары толық жолданады.
Көпшіліктің жағасын ұстатқан оқиға ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде М.Жұмабаев ауданындағы Полтавка ауылында болды. Өртенген үйде Василий Буграков бірнеше адаммен көңіл көтерген. Отырыс кезінде бөтелкелесі айыпталушыға арақ құюдан бас тартқан. Бұған қылмыскер ашуланып далаға шығады, артынша баспананы өртейді. Үш адам улы газдың салдарынан көз жұмады. Ал бір азаматша терезеге жеткен. Оны дер кезінде тұрғындар шығарып алыпты.
Жангельді Жамалиев