Келесі жылы Қызылжар ауданының орталығында “Дін мен дәстүр” орталығы ашылады. Қасиетті жұма күні облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы тұрғындарды рухани құндылықтарға баулитын нысанның алғашқы кірпішін қалады.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы 4 бағытты қамтиды. Алдағы уақытта ғимараттың ішінде түрлі тіл орталықтарын ашамыз.
Орталық жомарт кәсіпкерлердің қолдауымен салынады. Нысанның жалпы аумағы 2300 шаршы метр болмақ. Ғимаратқа бір мезетте 100 адам келіп, тәлім алады.
БЕКДӘУЛЕТ АНАРБЕКҰЛЫ, Қызылжар ауданының бас имамы:
— Орталықта тек дінді ғана насихаттамаймыз. Сонымен қатар, адал жолмен мал союды да үйретеміз.
Орталықты салудағы басты мақсат – иманды, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар, қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалардың өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау. Бескөлдік аға буын өкілдері ауылда дін мен дәстүрімізді жаңғыртатын нысанның ашылатынына дән риза.
ЕЛУБАЙ ЖУАСПАЕВ, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Орталыққа келген жастардың білімі артып, тек түзу жолда жүрері сөзсіз. Қуанышымда шек жоқ. Алдағы уақытта өзім де келіп тұрамын.
“Дін мен дәстүр” орталығында 20-ға жуық бөлме болады. Сонымен қатар, медициналық кабинет пен асхана да жұмыс істемек.
Нұрасыл Ахмет