БалаларДенсаулық сақтау

СҚО-да жыл басынан бері 90-ға жуық адамнан АИТВ анықталды

Өңірде мың жарымнан астам АИТВ дертіне шалдыққан. Бұл туралы педагогтермен өткен кездесуде ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың меңгерушісі Қарлығаш Ақынова айтты. Ал жыл басынан бері бұл кесел 90-ға жуық жерлесімізден анықталған. Қазір ең жасы 5-те болса, ең үлкені – 80-де.

ҚАРЛЫҒАШ АҚЫНОВА, ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың меңгерушісі:

— Қазір бізде ВИЧ инфекциясы орталығында 9 бала бақылауда. Қазір олардың барлығы ем қабылдауда.

Мамандардың айтуынша, АИТВ-мен инфекцияланған солтүстікқазақстандықтардың дені – 20 мен 40 жас аралығындағы жандар. Олардың басым көпшілігі, яғни 70 пайызы – ер азаматтар. Дертке шалдыққан жерлестеріміздің тең жартысы инфекцияны жыныстық қатынас арқылы жұқтырып алыпты.

ҚАРЛЫҒАШ АҚЫНОВА, ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың меңгерушісі:

— ВИЧ-инфекция 3 жолмен жұғады. Бұрын есірткі тұтыну арқылы жұқтыратын адамдар саны көп болса, қазір жыныстық қатынас арқылы жұқтырып жатқандар көп.

Ұйымдастырушылар педагогтердің басын бекерден-бекер қосып отырған жоқ. Себебі, олар – келешек ұрпақпен тығыз қарым-қатынас жасайтын жандар. Бүгін мектепте жүрген оқушылар есейеді, маман атанады, отбасын құрады. Аталған дерттің алдын алу туралы ақпардан хабардар болса, ертең аяғын аңдап басады.

ҚАЙРАТ ЕСМАҒАМБЕТ, педагог:

— Ұйымдастырушылар жылына бізді бірнеше рет жинайды. Мұндай іс-шаралар өте маңызды. Біз балаларға дұрыс мәлімет беруіміз қажет.

ВИЧ дерті әлемде осыдан 44 жыл бұрын пайда болғанымен ғалымдар әлі күнге дейін оның дауасын таба алмай келеді. Алайда, бұл диагнозбен де қалыпты өмір сүруге болады. Бастысы, вирустың белсенділігін төмендетіп, иммунитетті нығайтатын дәрілерді үзбей ішіп отыру қажет. Ал ол дәрі-дәрмектің барлығы тегін түрде дәрігер арқылы беріледі.

 

Мәдина Қаби