Қоғам

Крещенка ауылында су станциясы қолданысқа берілді

Шал ақын ауданына қарасты Крещенка ауылында тұратын Любовь Сюткина әлі өз көзіне өзі сенер емес. Талай жыл тіршілік көзін құдықтан тасып ішкен азаматша үйіне биыл су кіреді деп мүлдем ойламапты. Қазір отбасының тұрмысы қаладағыдан кем емес.

ЛЮБОВЬ СЮТКИНА, Крещенка ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

— Біз осы күнді ұзақ күттік, үміттендік. Енді әр үйде ауыз су бар. Өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Бұрын су құятын ыдысымызды алып, құдыққа баратынбыз. Ол уақытпен істейді. Кейде істен шығады, сонда қиналғанымыз жасырын емес. Бұның барлығы артта қалды.

Су отбасыға шаттық сыйлады. Енді отанасы киім-кешекті қолмен жумайды, арнайы машина қосылған. Дәретхана да іште. Крещенкада іске қосылған бірінші көтергіш сорғы станциясы ауылдағы 160 үйге таза тіршілік нәрін таратады. Елді мекендегі тұрғын саны 500-ге жуықтайды.

ИВАН ОХОТНИКОВ, Крещенка ауылындағы бірінші көтергіш сорғы станциясының операторы, Шал ақын ауданы:

— Менің ауысымым әрдайым тексеру жұмысымен басталады. Алдымен станцияның айналасын аралап, аумақты мұқият қарап шығамын. Содан кейін іштегі әр жабдықтың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткіземін. Кез келген зақымданудың алдын алу үшін техниканың жай-күйіне назар аударып отыру керек. Ауылдан жұмыс табылды, өзіме ұнайды.

Жаңа су станциясы – ауылдың жарқын болашағының кепілі. Ауылдық округтің әкімі Ринат Ибраев бұл маңызды істі жіті бақылауында ұстаған. Жобаға шамамен 660 млн теңге бөлінді, қаржы толығымен иегерілген.

РИНАТ ИБРАЕВ, Юбилейный ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

— Су арнайы сүзгі жүйесінен өтеді. Жүйенің негізгі функциялары бар: біріншісі – механикалық тазалау, екіншісі – химиялық және бактерияға қарсы арнайы өңдеу. Тұрғындар күніне шамамен 300 текше метр таза су тұтынады. Тіршілік көзінің әр тамшысы – денсаулық кепілі.

Юбилейный ауылдық округіне 4 елді мекен қарайды. Бүгінде осындай заманауи су станциясы Купряновка ауылында да жұмыс істеп тұр.

 

Жангельды Жамалиев