Денсаулық сақтау

Көпбейінді облыстық ауруханада МӘМС аясында миға 7 операция жасалды

Көпбейінді облыстық ауруханада алғаш рет ми ісігінің эмболизациясы жүргізілді. Шеберлік сағаты елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының тамырлы және функционалдық нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Бауыржан Қонақбаевтың қатысуымен өтті. Бір күннің ішінде солтүстікқазақстандық мамандар астаналық білікті маманмен бірге 7 операция жасады. Қазіргі уақытта науқастар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты және жақында үйге шығарылады. Осылайша емделушілер МӘМС аясында тегін ем алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының ақпараты бойынша, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында өңір тұрғындары 257,4 млн теңге сомасына 41 жоғары технологиялық медициналық қызмет түрін алды.

АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директоры:

— МӘМС жүйесінде әркімнің қымбат ем алуға мүмкіндігі бар. Созылмалы аурулары бар азаматтар дәрігердің тұрақты бақылауында болады, тегін тексеруден өтеді және емделеді. Оған гипертония, қант диабеті, астма және т.б. дерті бар адамдар кіреді. 41 жоғары технологиялық медициналық қызметтің 25-сі – МӘМС шеңберінде, 16-сы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша көрсетілді. Нейрохирургиялық бейін бойынша – 33 операция және кардиологиялық бейін бойынша 8 операция жүргізілді.