Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңашылдық. Енді азаматтар өз өтінімдерінің орындалу барысын онлайн бақылай алады. Ол үшін «ХҚКО» мобильді қосымшасы қажет. Бұрын адамдар мекемеге барып, кезекте тұрып, маманмен тілдесетін. Ал қазір телефонды саусақпен түртіп қана істі тындыруға болады.
ЕРЖАН КАПАРОВ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕАҚ СҚОФ бас маманы:
— Қосымшада жаңа мүмкіндіктер пайда болғанына 2 аптадай болды. Мұнда тұрғындар өздеріне қажет түрлі қызмет алады. Егер бір құжатқа өтініш білдірсе, оның дайындалу барысын қашықтықтан бақылайды. Өте тиімді. Қазіргі таңда тұрғындарды жаппай хабардар етіп жатырмыз.
Арнайы қосымшада электронды қолхаттарды сақтау және көру мүмкіндігі де бар. Бұл қолхат – өтінімнің қабылданғанын немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын ресми құжат. Ол автоматты түрде «Тапсырыс тарихы» бөлімінде сақталады. Мұндай жаңа функциялар азаматтардың уақытын үнемдейтіні сөзсіз. Әзірге жерлестеріміздің аз бөлігі ғана жаңашылдық жайлы біледі.
АНГЕЛИНА БУРЯЧЕК, қала тұрғыны:
— Мен Халыққа қызмет көрсету орталығына екі мәселемен келдім. Біріншісі тұрмысқа шығуыма байланысты туындап тұр. Тегімді ауыстырмақшымын, құжаттарымды реттеу керек. Сосын мұрагерлікке қатысты білгім келеді. Мамандар жаңа қосымша жайлы айтты, түсіндірді, телефоныма хабарлама да келді. Енді міндетті түрде осы қосымшаны қолданатын боламын.
Жалпы, «ХҚКО» мобильді қосымшасының пайда болғанына бір жарым жыл уақыт болған. Осы аралықта оны 1 млн 700 мың адам жүктеп, тіркелген.