Қоғам

Айыртау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдерінің тілшілер алдындағы есептік кездесулері басталды. Ең алдымен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына Айыртау ауданының басшысы Мейрам Меңдібаев төбе көрсетті. Өзі жетекшілік отырған аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баян етті. Өздеріңіз білетіндей, атқамінер келіп отырған жердің топырағы құнарлы. Тиісінше, биыл диқандары да көл-көсір астық жинаған.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:

— Биыл диқандарымыз 372 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Қажырлы еңбек пен ауа райының қолайлы болуының нәтижесінде 524 мың тонна өнім алдық. Орташа шығымдылық – 20,4 центнер. Күзде толағай табысқа жету үшін 30 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 140-тан астам су жаңа техника сатып алынды.

Айыртау ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтитын сорғы станциясы іске қосылды. Маңызды іске 5 жарым млрд теңге жұмсалған. Ұзындығы 12 шақырымнан асатын 6 автокөлік жолы жөндеу көрді. Сонымен қатар, аталған аймақта мал шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінген.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:

— Ауданда 7 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Оның үшеуі жаңа. Сонымен қатар, малдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 2 мал сою нысаны ашылды.

Сал-серілер мекенінде инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл Кутузовка ауылында құрғақ саумал өндіретін кәсіпорын қолданысқа берілді. Құны 3 млрд теңгеден асып жығылады. Нысан 400 басқа шақталған. Сонымен қатар, Елецкое елді мекенінде жылдық қуаттылығы 35 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасы салынуда. Инвестициялық жобаға 6 млрд теңге бағытталды. Бұл игі бастамалардың арқасында ауданда жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеген.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:

— Жыл басынан бері ауданда 1695 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 91 пайызын құрайды. 180 адам уақытша жұмыстарға орналастырылды.

Саумалкөл ауылының шетінде бірнеше көпқабатты баспана қаңырап бос тұр. Мейрам Жақсылықұлының сөзінше, бұл мәселе жоспарға сай шешіліп жатыр. Алдағы уақытта ғимараттар жөнделіп, үй кезегінде тұрған жандар мен қоныс аударушыларға беріледі.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:

— Аталған көпқабатты үйлерде 900-ден астам пәтер бар. Оның 200-ге жуығын сатып алдық.

Айыртау десе тұмса табиғат еске түседі. Туристердің мекені десек те қателеспейміз. Бірақ, мұндағы кейбір демалыс орындарында құтқару бекеті жоқ. Бұл мәселе облыс әкімінің аталған аймаққа жұмыс сапары кезінде де көтерілген болатын.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:

— Жақын арада Шалқар көлінің маңында екі құтқару бекеті ашылады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда.

Биыл ауданға 120 мыңнан астам турист келген. Бұл былтырғы жылға қарағанда 20 мың адамға көп. Аталған көрсеткішті одан әрі ұлғайту мақсатында 5 жоба жүзеге асырылмақ.

 

Нұрасыл Ахмет