Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

СҚО мен Қорған облысы – стратегиялық серіктестер

Ресей Федерациясы Қорған облысы делегациясының өңірге сапары облыстық әкімдік қабырғасында өткен жиында тәмамдалды. Тараптар бір-бірімен жақсы таныс. Бұған дейін теріскейліктер шекара асып, көршілеріміздің мүмкіндіктерін көрсе, енді қонақтар аққайыңдар өлкесіне табан тигізіп отыр. Келелі кездесу экономиканың барлық бағыты бойынша берік байланыс орнатқан өңірлердің мүмкіндіктерін таныстырудан басталды. Бұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алда алар асу, бағындырар белес жеткілікті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Солтүстік Қазақстан мен Қорған облыстарының мүмкіндіктері зор. Бұл өңір тұтас Қазақстан үшін маңызды. Біз бірлесе барлық салада дамып жатырмыз. Ауыл шаруашылы және өнеркәсіп секторын ерекше атап кету қажет. Алған қарқыннан тайынбау – басты міндетіміз. Келешекта жаңа ортақ жобаларды қолға аламыз деген ойдамын.

Қорған облысының губернаторы Вадим Шумков Солтүстік Қазақстан облысына 3-ші рет келіп отыр. Әр сапарында оң өзгеріс байқапты. Петропавл жаңарған, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынған, зауыт-фабрикаларда жұмыс қызған және ең бастысы заманауи тауарлы-сүт фермаларының саны артқан. Бұған басшы таңданысын білдірді. Губернатор арадағы тауар көлемінің одан сайын ұлғайғанын қалайды. Сол үшін маңызды мәселелер қарастырылыпты.

ВАДИМ ШУМКОВ, Қорған облысының губернаторы, РФ:

— Бұған дейін айтылғандай, біздің тарапымыздан қазақстандық тауар өндірушілерге бірқатар талап, шектеу қойылды. Біз алдыңғы кездесулерде өтініш-тілектерді қабыл алдық. Сол ұсыныстар аясында жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде сенімді көршілеріміздің мүмкіндігі артты. Өз басым қазақстандық тауардың нарығымызға мейлінше көп кіргенін қалаймын. Бұл – біздің байланысымыздың бір жолы.

Қорған облысында медицина саласы оң жолға қойылған. Атақты Илизаров орталығы бар. Өз кезегінде Вадим Шумков өңір тұрғындарының шекара асып, сапалы ем қабылдағанын қалайды.

 

Байболат Құлтанов