Мәдениет

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында “Қорғансыздың күні” спектаклі қойылды

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының теріскейліктерге тартуы! Қарашаңырақта Мұхтар Әуезовтың “Қорғансыздың күні” шығармасы сахналанды. Туындыда баласынан айырылған – ананың, күйеуінен айырылған – әйелдің, әкесінен айырылған қаршадай қыздың тағдыры бейнеленген. Оқиға желісінде тағдыр тауқыметін тартқан бір отбасының өмірі арқылы сол кезеңдегі күллі қазақтың басына түскен ауыртпашылық сипатталған. Қойылымның басты кейіпкері – 13 жасында асқар тауынан айырылған Ғазиза. Бар ауыртпашылықты шынашақтай жеткіншек ала жүріп, талай қиындықты еңсереді. Алайда, қатігездік, жауыздық жан-жақтан талап, бойжеткен әкесінің моласында үсіп қалады. Осылайша, қорғансыздардың азапты өмірі өзгелерді тәубешілікке, жақындарды құрметтеуге шақырғандай.

АСЫЛХАН РӘЗИЕВ, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері:

— Үйден ер адам кетсе, береке кетеді, қорғаныш кетеді. Ер адамның қоғамдағы маңызды рөлін көрсеткіміз келді. Қойылымда жақын туыстардың ту сырттан пышақ ұрғаны да көрсетілген. Туындыны қою біз үшін өте қиын болды.