Қорған облысынан келген делегация Петропавлдағы білім беру нысандарын аралады. Меймандар ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловпен бірге “Оқушылар сарайына” ат басын бұрды. Алыстан ат терлетіп келген жандар сәулетті нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен олар заманауи биотехнологиялар зертханасына бас сұқты. Мұнда мамандар өсімдіктерден бөлек, балықтарды да өсіреді. Кейін қонақтар химия кабинетінде болды. Бұл бөлме толыққанды соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осының арқасында оқушылар неше түрлі тәжірибелік жұмыстарды істей алады. Делегацияға бәрінен бұрын мына бір робототехника кабинеті ұнады. Мұндағы ақылды роботтарды мекеменің оқытушылары жасап шығарған.
Оқушылар сарайында 34 кабинет бар. 3 мыңға жуық бала мектептен тыс уақытта тәлім алады. Оларға мұнда 100-ден астам оқытушы бар білгендерін үйретеді. Көз сүйсіндірер сәулетті нысан меймандардың көңілінен шықты. Олар алған тәжірибелерін Қорған облысында қолданғысы келеді.
НАДЕЖДА ДУБИВ, Қорған мемлекеттік университетінің ректоры, РФ:
— Оқушылар сарайы қатты ұнады. Әлі Петропавлда біршама нысанды араламақ ойымыз бар. Әйтпесе мен мұнда күні бойы жүрер едім. Солтүстікқазақстандық жасөспірімдер үшін мектептен тыс уақытта айналысатын үйірмелер көп екен. Алдағы уақытта аталған өңірден ғалымдар мен ғұламалардың шығатынына сенім мол. Ең бастысы көздерінде білімге деген от болса болғаны.
Қорған облысынан келген делегация барған келесі нысан – №28 орта мектеп. Білім ұясы былтыр “Келешек мектептері” жобасы аясында қолданысқа берілген. Қазіргі таңда мұнда 680-ге жуық бала білім алады. Оларға 60-тан астам білікті ұстаз сабақ береді. Сәулетті нысанға меймандар оң бағасын берді. Алдағы уақытта Петропавлға тағы келетіндерін жеткізді.
Нұрасыл Ахмет