Қоғам

Ел ағасы, ел азаматы – Құдайберген Қалиев

Облыстың Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев 80 жасқа таяды. Өңірдің дамуына талай жыл үлес қосқан, елдің қошеметіне бөленген
ағамыздың мерейтойына орай облыстық кітапхана қабырғасында мазмұнды кездесу өтті. Жиынға еңбек ардагерінің замандастары жан-жақтан жиылды. Оларға жерлесіміздің туған жерінен, өмірінен сыр шертетін шағын фильм көрсетілді. Құдайберген Қалиев ортасында қашан да сыйлы. Оның ілкімді істерін үзеңгілестері мен ізін басқан інілері ұмытпайды.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

—Маған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы қызметін сол кездегі облыс әкімі Серік Біләлов ұсынды. Келістім. Аймақ басшысы сол жерде біреуге қоңырау шалып, ұсынысты қабыл алғанымды айтты. Телефонның ар жағындағы адам қуанышты екенін жеткізді және өзінің 3 өтінішін айтты. Ардагерлер кеңесіне жұмыс орны, көлік қажет және жалақы мәселесі реттелуі тиіс. Біләлов айтылған дүние жерде қалмайтынын жеткізді. Көп уақыт өтпей бізге барлық жағдай жасалды. Ал әкіммен сөйлескен азамат – Құдайберген Қалиев ағамыз. Осы еңбегін ұмытпаймыз.

Қарапайым агроном, шаруашылық басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары. Бұдан бөлек те атқарған қызметтер бар. Ел ағасы, ел азаматына шапан шабылуы тиіс. Мерейтой иесіне көрсетілген құрметке замандастары дән риза. Олар Құдайберген Қалиевтың еңбегін, жеке қасиеттерін жоғары бағалайды.

СЕРІКБАЙ ЕЛЕМЕСОВ, еңбек ардагері:

— Біз түйедей құрдаспыз. Мен қаңтарда тусам, бұл кісі қазанда туған. 80-ге келіп қалдық. Ерекше қасиеті – барлығын алыстау болжауы, білуі. Ешқашан алдамайды.

Құрметті азамат әлі де қоғамдық істерге араласып жүр. Айта кету қажет, Құдайберген Қалиев – Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылының тумасы.