Ауыл шаруашылығы

“Целинное-2004” – облыста алғаш болып орақ науқанын аяқтаған серіктестік

“Целинное-2004” серіктестігі өңірде бірінші болып орақ науқанын аяқтады. Жаңбырлы ауа райына қарамастан биыл шаруашылық алқаптарында егін бітік шықты. Жер емген еңбеккерлер гектарына 18 центнер өнім алды. Техникаларын сайлап, танап басында жүйткіген комбайншылар әр жайма-шуақ күнді тиімді пайдаланып, астықты шашау шығармай жинап алды. Айта кету керек, серіктестіктің күзгі жиым-терім жұмыстарын аяқтағанына 20 күннен асып кеткен.

СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:

— Биыл 31 мың гектардан астам алқапқа дән сіңірдік. Соның 23 мыңы – дәнді дақылдарға, 5 мыңы – майлы, қалғаны дәнді-бұршақты дақылдарға арналған. Күзгі жиым-терім жұмыстарына 60-тан астам жаңа техника шықты. Ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде орақ науқанын ерте аяқтадық. Қазірдің өзінде келесі жылы егетін астығымызды дайындап қойдық. 

Қазіргі таңда серіктестіктің астық қабылдау орнында қызу жұмыс жүріп жатыр. Басшысы Серік Ибраевтың сөзінше, биылғы дәннің сапасы да жақсы екен. Тиісінше, оны жоғары бағаға сатуға болады. Саланың жілігін шағып, майын ішкен азамат орақ науқанына қатысқан әр жанға миллиондап жалақы берген. Серік Кенжетайұлы талмай жұмыс істеген азаматтың еңбегі әрдайым лайықты бағалануы тиіс деп есептейді.

СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:

— Серіктестікте 3 жылдан бері Есіл ауданындағы Ж.Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылық колледжінің студенттері жұмыс істейді. Біз оларға бар білгенімізді үйретеміз. Баспанамен және тегін тамақпен қамтимыз. Тіпті, жалақы да төлейміз.

Серіктестікте барлығы 200-ден астам адам жұмыс істейді. Әрқайсысының жалақысы 250 мыңнан кем емес. Сонымен қатар, Серік Ибраевтың қолдауымен ауылдағы әр үйге қажетті көлемде тегін астық беріледі.

 

Нұрасыл Ахмет