Президент өз жолдауында еліміздің туризм саласын дамыту мәселесіне айрықша тоқталды. Әсіресе кадр тапшылығының бар екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта туристерді қабылдайтын жерлердің барлығын ретке келтіруді тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.
Теріскей өңірінің туристік мүмкіндігі зор. Оған жыл сайын келетін демалушылар санының артуы дәлел. Туристердің қатарында көрші Ресейден келетіндер аз емес. Туристке сұлу табиғат, таза су, түзу жол, сапалы ауыз су мен лайықты қызмет керек. Мәселелер айқындалған. Оны кезең-кезеңімен шешу үшін уақыт, қаржы және жүйелі жұмыс керек. Облыстық туристік қауымдастық төрағасы Владимир Витченконың айтуынша соңғы жылдары Имантау-Шалқар курорттық аймағы қарқынды даму үстінде.
ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, СҚО туристік қауымдастығының төрағасы:
— Соңғы жылдары біз Имантау-Шалқар курорттық аймағына база назар аударып келеміз. Бүгінде Саумалкөлге дейінгі жолдар жөнделді. Демалыс орындарының саны да артып келеді. Мәселен, бұрын Имантау-Шалқар жақта жыл бойы жұмыс істейтін 4 демалыс орны болса, қазір олардың саны 9-ға жетті. Сонымен қатар, 2026 жылы “Шалқар су” атты ауқымды жоба қолға алынады. Нәтижесінде келушілердің саны одан әрі артатыны сөзсіз.
Қазір Имантау-Шалқар курорттық аймағында 2 бірдей модулді құтқарушы пункттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 30-дан астам санитарлық-гигиеналық дәретхана пен 70-тен аса қоқыс контейнері орнатылған.