Облыстық әкімдікте Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды. Өңір жетекшісі төрағалық еткен жиынға әр саланың тізгінін ұстаған жандар қатысты. Аудан әкімдері де онлайн түрде төбе көрсетті. Ғауез Торсанұлы барлығына бірқатар тапсырма берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Әр салаға жасанды интеллектіні енгізу – басты міндет. Бұл жаңашылдық бізге оң әсерін тигізеді әрі қаншама уақыт үнемдейміз. Алға қадам басу үшін заман игілігін өз пайдамызға жаратуға тиіспіз. Алдағы 1 жылда бұл бағытта ауқымды шаруалар тындырылуы керек.
Ағымдағы жылы облыс экономикасы 112,8 пайызға өскен. Бұл – республика бойынша 4-ші көрсеткіш. Жергілікті әкімдік үшін халықтың тұрмысы аса маңызды. Биыл 10 мың теріскейліктің екі қолына бір күрек табылған. Жұмыссыздық саны 4,4 пайызға дейін түсіпті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әр өңірге қомақты инвестиция тартуды жүктеді. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылған. Сандармен аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев бөлісті.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Қазіргі таңда облыста 894 млрд теңгенің 51 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бастамалар іске қосылғаннан кейін 7700 жерлесіміз жұмыспен қамтылады. Инвесторларға өз тарапымыздан бар жағдай жасаудамыз. Қағазбастылықты азайттық, цифрлық жүйелерді игілігімізге жаратудамыз. Одан қалды, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында нарықтағы азық-түлік бағасын үнемі қадағалаймыз.
Бұл ретте ауыл шаруашылығындағы жетістерімізді айтпай кетуге болмайды. Өткен жылы сала қазынаға 135,4 млрд теңге пайда әкелген. СҚО-да жыл сайын 225 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ басқаларынан оқ бойы озық тұр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі футбол клубтарын жекешелендіруге баса назар аударды. Мұндай қадамсыз Қазақстанда аталған танымал спорт түрі дамымайтынын жеткізді. Бұл өзгерістің теріскейге де қатысы бар.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— “Қызылжар” футбол клубы 2028 жылы толықтай жеке кәсіпкердің қолына өтеді. Бұл бұқаралық спорттың дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Жыл сайын “Қызылжар” футбол клубына облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді. Жасыратыны жоқ, теріскейлік клуб өзінің мардымды өнерімен көзге түсіп жатқан жоқ. Әрқашан турнирлік кестенің соңында жүреді. Бұл қомақты қаражатты шетелдік теңбіл доп шеберлеріне беріп опық жегенше, балалар спортына бағыттаса зор жетістіктерге жететініміз сөзсіз. Қарлығаш Әсетқызының сөзінше, аталған салаға да жасанды интеллектіні енгізу күнтізбедегі ең маңызды мәселе болып саналады.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— Биыл тоғызқұмалақ спортына жасанды интеллектіні енгіздік. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылады.
Ғауез Торсанұлы атқамінерлерге айтылған сөз жерде қалып, тапсырмалар орындалмаса жауапкершілікке тартылатындарын жеткізді.
Нұрасыл Ахмет