Мәдениет

Ислам мәдениеті музейінде Құрандар көрмесі ашылды

Ислам мәдениетінің бай мұрасын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру. Петропавлдағы Ислам мәдениеті музейінде Құрандар көрмесі ашылды. Шараға “Ұлы дала өркениеті: мәңгілік мұра” тақырыбы арқау болды.

МҰРАТ ӘМІРЖАНОВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешеніне қарасты Ислам мәдениеті музейінің директоры:

— Музейде 1883 жылғы Құран бар. Киелі кітап 4 баспамен жазылған. Олар: араб, пәкістан, түрік және татар.

Өнегеге толы шараға зиялы қауым өкілдері арнайы келген. Олар Мағжан сенген жастарға ислам мәдениеті мен ұлттық құндылықтарымыз жайлы ақпар берді. Көрмеге қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген Құран нұсқаларын тамашалады. Оларға экскурсия жүргізушілері киелі кітаптың шығу тарихы мен ішінде жазылған тәрбиелік мағынасы зор дүниелерді кеңінен таныстырды. Шара теріскей жұртына жақсы таныс Жақсыбай Самраттың көңілінен шықты. Қаламгер алдағы уақытта музей жайлы мақала жазғысы келеді.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

— Құранды оқысаң рухани дамисың. Ішкі жан дүниең тынышталады. Мен аталған музейге жиі келіп тұрамын.

Жақсыбай Самрат музейдің арқасында теріскей тарихына терең бойлап, ешкім біле бермейтін мол мағлұмат алған.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

— Өткен ғасырларда Петропавлда 9 мешіт болыпты. Осы жайлы бұрында ақсақалдардан еститінмін, бірақ сенбейтінмін. Музей қызметкерлері бұның шын екенін маған дәлелдеп берді. Осыған қарап біз Петропавлда мұсылмандардың көп болғанын аңғара аламыз.

Музейге келген жан ерекше әсер алатыны сөзсіз. Тарихи нысанда өткеннен сыр шертер құнды жәдігерлер жетерлік. Кіреберісінде ғимараттың қалыптасу тарихы жазылған құжат тұр. Ал ішкі залда Құран, діни кітаптар мен бірнеше құнды дүние көзге түседі. Музейде барлығы – 100-ге жуық экспонат бар.

МҰРАТ ӘМІРЖАНОВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешеніне қарасты Ислам мәдениеті музейінің директоры:

— Музейде 1870 жылғы жайнамаз бар. Оны бізге 3 мәрте қажылыққа барған Ақжар ауданының тұрғыны табыстады. Ирак елінен әкелінген киелі тасбих та сөремізде тұр.

Айта кету керек, құнды дүниелерге толы көрме 2 апта бойы жұмыс істейді.

 

Нұрасыл Ахмет