“Бақытты отбасы – бақытты ел”. Осындай атаумен елімізде республикалық акция өтуде. Науқаннан теріскейліктер тыс қалмады. Шара 14-ші қыркүйек – Отбасы күніне орай ұйымдастырылған. Оған тәртіп сақшылары, психологтар мен М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенттері және ата-аналары қатысты.
АЛЬБИНА МАРАТ, М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
— Маған өзіме бүгінгі тренинг ұнады. Мұнда ең бастысы – отбасы қолдауы мен отбасы құндылықтары жайлы тақырыптар қозғалды. Бұл жастар білуі керек мағлұматтар деп ойлаймын.
Мамандар бақытты отбасы болу үшін жанұяда махаббат, құрмет, адалдық пен қолдау сияқты негізгі қасиеттер болуы қажет дейді.
ОЛЬГА АГАПОВА, психологиялық орталық маманы:
— Біздің орталығымызға көмеке көбінесе отбасымен қарым-қатынасы бұзылған жандар келіп жатады. Қиын жағдайға тап болған жастарға дер кезінде жәрдем берілмесе, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Мұндай жайттардың алдын алу үшін ата-ана профилактикалық жұмыс жүргізуі қажет. Әуелі ерлі-зайыпты өз араларындағы қарым-қатынасты түзеуі керек. Балаға кәсіби маманның кеңесінен бұрын үйдегі тәрбие зор ықпал етеді.
Психологтардың сөзінше отбасындағы кез келген мәселенің шешімі – диалог. Тренинг барысында біраз пайдалы ақпар айтылды. Бүгінгі басқосу биыл тұла бойы тұңғышы тегін оқуға түскен Мақпал Тоқтанаева үшін өнегеге толы кездесу болды.
МАҚПАЛ ТОҚТАНЕВА, қала тұрғыны:
— Тұңғышым бірінші курсқа грантқа түсті. Өте қуаныштымыз. Баламыздың өзіне деген сенімділігі артсын деп оқуға сеніп жібердік. Ұлыммен ашық сөйлесемін. Тұңғыш балам болған соң бауырым сияқты десемд е болады. Менің қолғанатым.
Жанұядағы тыныштық балаға тікелей әсер етеді. Ал егер бала отбасының өзінде зорлық-зомбылық әрекеттерін көрсе, бұл үлкен психологиялық мәселе тудырмақ. Сөз соңында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімнің мамандары ұсынған статистикаға тоқтала кетсек. Жыл басынан бері өңірде аталған жайтқа қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған. Оның 20-сы жақынын ұрып-соғу фактісі болса, біреуі адам өліміне қатысты.
Ақтолқын Солтанханқызы