Қоғам

2026 жылы СҚО-дағы 4 өткізу пункті қайта жаңғыртылады

Мемлекет басшысы өз Жолдауында автокөлік жолдарының жай-күйіне ерекше тоқталды. Әр өңірге осы салаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Аймақтағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 мың 400 шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша елде екінші орында тұрмыз. Сондықтан, сала назар аударуды қажет етеді. Облыста бұл бағытта ауқымды шаруа тындырылған.

Биыл мың шақырымға жуық түрлі маңыздағы жол жөнделіп жатыр. 55 ауылдың ішкі жолдарын қалыпқа келтіруге 8,2 млрд теңге бөлінді. Қоғамда қызу талқыға түскен “Жезқазған-Петропавл” республикалық маңызы бар автожолындағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Яғни, теріскейліктер бұдан былай облыс орталығынан үш жүздің басы қосылған өлкеге дейін тақтайдай тегіс асфальтпен баратын болады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжіновтің сөзінше, Президенттің тапсырмасы бойынша ендігі жылы өңірдегі шекара арқылы өткізу пункттері қайта жаңғыртылады.

МИРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

— Облыста барлығы – 4 өткізу пункті бар. Олар Шал ақын, Уәлиханов және Қызылжар ауданында орналасқан. Біз нысандарды қайта жаңғырту арқылы жүк тасымалдау қызметін жақсартып, көрші мемлекеттерге өнімдерді экспорттай аламыз. Осы ретте тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісейін. Келесі жылы әуежай басшылығымен бірлесіп Петропавлдан Түркияға тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырмыз.