Мәдениет

Жеңіс рухына арналған мерекелік концерт

Облыстық филармония төрінде Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі және С.Зелепухин жетекшілік ететін орыс халық аспаптары оркестрінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

ӘЛИЯ ҒАЛАУТДИН, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі директорының орынбасары:

– Бұл концертке колледж мұғалімдері мен студенттері қатысып жатыр. Шарада соғыс жылдарындарындағы әндер шырқалады, сахналық қойылымдар қойылады. Жас ұрпаққа соғыс жылдарындағы қиындықты, сарбаздардың нені армандағанын көрсеткіміз келеді.

Кеш барысында Жеңіс және Отанға деген махаббат туралы “Қасиетті соғыс”, “Атамекен” ,”Жеңіс күні” сынды әндер орындалды. Әрине, ән шырқалған кештің бисіз сәні кірмес деп, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенттерінен құралған “Ақ қанат” би тобы өз өнерлерін ортаға салды.

СӘБИНА ЖЕКСЕМБИНА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:

– Тобымызда 16 адам бар. Екі апта дайындалдық. Оркестрмен бірге жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.

Концерттік бағдарлама соғыс жылдарындағы оқиғалардың айнасы болды. Сахнадағы әр образ – соның дәлелі. Шара концерттік бағдарламамен шектелген жоқ. Колледж жастарының салған қылқалам туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Картиналар да соғыс жылдарын сипаттайды.

 

Севара Зияхан