Спорт

Петропавлда тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты өтті

Петропавлда тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты өтті. Жарысқа қала және өңіріміздің 7 ауданынан келген 100-ден астам ұл-қыз қатысты. Ең алдымен шараның ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

Мына ұл-қыздардың арасында тоғызқұмалақты енді меңгергендері де, талай жарыста республикаламыздың намысын қорғаған тіс қаққандары да бар. Барлығының мақсаты бір – ұлттық спортты әлемдік деңгейге жеткізу.

МЕЙРАМБЕК ӨТЕНОВ, тоғызқұмалақтан СҚО бас жаттықтырушысы:

– Тоғызқұмалақ 9 отау мен 2 қазандықтан тұрады. 82 құмалақ жинаған ойыншы жеңіске жетеді. Классика түрінде ойыншыларға 40 минут беріледі, ал блицте – 7-ақ минут.

Ашылу салтанатынан кейін ойыншылар жас ерекшеліктері бойынша кабинеттерге бөлінді. Жарысқа бірі – жеңіске жету үшін, енді бірі тәжірибе жинақтауға келген. Осындай сайыстар жиі өткізілсе баланың деңгейі өседі. Тиісінше, облысымызда аталған спорт түрі дамитыны сөзсіз. Мына кабинетте отырған жеткіншектердің жасы 8-9-да. Барлығы далада доп қуалап жүргенше ақыл-ойды дамытатын тоғызқұмалақ ойнаған дұрыс деп санайды.

МҰХАМЕДЖАН СҮЛЕЙМЕН, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Тоғызқұмалақпен 2 жыл айналысамын. Төрт жарысқа қатысты. 3 рет бірінші орын алдым.

Ясмина Өмірсеріктің тоғызқұмалақпен айналысып жүргеніне – 2 жыл. Болашағынан зор үміт күттіретін жастың бірі. Бұрымды аз уақыттың ішінде бірнеше дүркін облыс чемпионы атанған екен.

ЯСМИНА ӨМІРСЕРІК, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Тоғызқұмалақ арқылы математикалық дағдыларымды жақсартқым келеді. Алдағы уақытта тоғызқұмалақты ойнауды жалғастыра беремін. Үлкен додаларда чемпион атанғым келеді. Басты мақсатым – ұлттық құндылықтарымызды дамыту.

Тоғызқұмалақ – облысымызда жаңа-жаңа дамып келе жатқан спорт түрі. Жасыратыны жоқ, әзірше көштен қалып тұрмыз. Бірақ, алдағы 2-3 жылда мына жеткіншектер республикалық додаларда қоржынымызға уыс-уыс жүлде салатынына сенеміз. Айта кету керек, бүгінгі жарыстың жеңімпаздары шілде айында Қостанай қаласында өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады.

 

Нұрасыл Ахмет