М.Қозыбаев атындағы СҚУ өңір аудандарындағы мектеп түлектерімен үнемі байланыста. Өздері де барады, өздеріне де шақырады. Бұған – оқу орнының жыл бойы өткізген іс-шаралары дәлел. Басты мақсат – студенттердің санын арттыру, жастарға бағыт-бағдар беріп, жарқын болашаққа жол ашу. Білім ордасының мамандары бүгін елді мекендерде оқушыларға тәлім беретін ұстаздарға арнап форум өткізді. Маңызды шара облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 150-ге жуық педагогтің басын қосты.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:
– Форум аясында кәсіптік бағдар берушілерге арналған тренинг өткіземіз. Білім ордасының бұл бағытта тәжірибесі мол. Мәселен, әр баланың ешкім білмейтін жасырын қабілеті болаты. Оны аша білу – педагогтің міндеті. Шараға келген ұстаздарға осы бағытта қандай жұмыс атқаруға болатынын көрсетеміз. Одан қалды, университет мүмкіндіктерімен таныстырып, білім деңгейімізді көрсетеміз.
Жергілікті білім ордасына түскен жас еш өкінбейді деп айта аламыз. Еуропа елдерінде тәжірибе жинап, тіпті, АҚШ-та білім алуға мүмкіндік бар. Барлық әлемдік стандарттарға сай келетін зәулім корпуста оқып, су жаңа жатақханамен қамтылады. Яғни, студенттерге бар жағдай жасалған. Статистикаға сүйенсек, Қозыбаев университетіне облыс аудандарынан түлектер көптеп түседі. Бұл – жыл бойы атқарған жұмыстың жемісі. Мәселен, өткен жылы шалақындық түлектердің 40 пайызы аталған жоғары оқу орнының табалдырығын аттапты.
БҰЛБҰЛ АХМАДИҚЫЗЫ, Шал ақын аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Университет бітіруші түлектермен кездестік. Өзімізге шақырдық. Қозыбаев университетінің “Агротехникалық факультетімен” тығыз байланыстамыз.
Форумға облысымыздағы барлық ауданның білім бөлімінің басшылары келді. Шара басталмай тұрып “Оқушылар сарайының” бірінші қабатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған Қозыбаев университетінің 4-курс студенттері қатысты.
ДИНАРА АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
– Қозыбаев университеті бізге ашық сөйлеуді, адамдармен қарым-қатынас орната білуді үйретті. Қос дипломдық бағдарламасымен де ерекше.
Форумға келген педагогтер білім ордасының білікті мамандарынан мол мағлұмат алды. Шара қас қарайғанша дейін жалғасады. Айта кету керек, Қозыбаев университетінде 6 мыңнан астам студент 90-ға жуық мамандық бойынша білім алады.
Нұрасыл Ахмет