Білім

Оқушылар арасында облыстық пәндік олимпиада өтті

Бүгін өңірде 5-6 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада өтті. Оған аймақтың түпір-түкпірінен 200-ге жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Білім сайысы үш жерде өткізілді. Олар: Петропавл қаласы, Бескөл ауылы және Тайынша ауданы.

ИЛЬВИРА ИЛЬЯСОВА, «Қызылжар дарыны» орталығының әдіскері:

– Олимпиаданың ашықтығын қамтамасыз ету үшін YouTube платформасы арқылы тікелей трансляция да ұйымдастырдық. Әр ауданнан әрбір пән бойынша бір-бір ғана бала қатысуда.

Балалар тест түріндегі тапсырма орындады. Барлығы – 90 минут уақыт беріледі. Інжумаржан Хатран Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишим орта мектебінен келген. Ол өзінің сүйікті пәні – математикадан тест тапсырды.

ІНЖУМАРЖАН ХАТРАН, пәндік олимпиадаға қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Тапсырма аса қатты қиын болған жоқ. Математиканы таңдаған себебім, біріншіден, өзіме қатты ұнайды. Екіншіден, үйдегілерім де математиканы жақсы біліп, мені де үйреткен.

Жарысқа қатысу арқылы балалар тек өзара мықтыны ғана анықтап қоймайды. Сондай-ақ, өздерінің білімдерін арттырады. Жүзден жүйрік атанған 16 бала республикалық кезеңге қатысады.

 

Мәдина Қаби