Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі. Бұл сөйлемдегі әр сөздің астында үлкен мән-мағына жатыр. Біз жеңістің қалай келгенін білеміз. Әкенің қанымен, ананың көз жасымен келді. Сондықтан да ерлікке тағзым етеміз. Біз ардагерлерді құрметтейміз, олардың ерлігін жақсы білеміз. Әрдайым марапат ұсынуға, қошемет танытуға дайынбыз. Бүгін облыстық әкімдік қабырғасында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Балғын балалық шақта танапта таң атырған, күлкісіз күн батырған бүгінгі аға буынға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз және басты міндетіміз. Соғыс жылдары сарбаздар майданда от пен оқтан қаймықмаса, бұл кісілер қара жұмыстан қашпады. Табанға тікен кірді, қолдан сыз өтті, жүрек жалғайтын ас та табылмады. Алайда, тылдағы қарттар, нәзікжандылар мен балалар “Жеңіс үшін” деген ұранмен тер төкті. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнді жақындатқан алдыңғы буынға мемлекет зор көңіл бөледі. Облыс басшылығы да қазынадан қымбат қарияларды елеусіз қалдырмайды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мерейлі датаға орай елімізде көптеген шаралар өтуде. Астанада әскери шеру болады. Оған біздің облыстан тыл ардагерлері мен Аудан соғысы ардагерлерінен тұратын делегация қатысады.

Бүгін құттықтау қабылдаған бұл кісілердің жүзінде күлкі болғанымен жүректерінде мұң бар. Сол күндердің қиындығы, азабы әлі есте. Оны кездесу барысында сөз алған ардагерлердің естеліктерінен, көз жастарынан ұғындық. Соғыс балаларды еңбекпен ерте есейтіп қана қойған жоқ, талай шаңырақты шайқады. Біреу арқа сүйер әкесінен, ал енді біреу бірге өскен аға-інісінен айрылды.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, тыл ардагері, СҚО құрметті азаматы:

– Маусымның 22-сі күні біздің кішкентай ғана ауылымыздан 47 адам соғысқа кетті. Солардың 45-і майданнан оралмады. 2 ауылдасым оралды, біреуі қолдан, екіншісі аяқтан айрылған.

Жыл өткен сайын отты жылдардың ауылы алыстап барады. Ал ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне деген құрмет арта түседі. Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жеңісті жақындатқан 20 жанды марапаттады.

Еңбектің зейнетін көрген жерлестерімізге “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” медалі табысталды, гүл шоғы ұсынылды және ізгі тілек айтылды. Құрмет-қошеметке бөленген ата-әжелеріміздің өмір жолдарына тоқталсақ, таңданасың, күрсінесің. Тек тілдесу соңында берген баталары мен ақыл-кеңестері ғана бойды жылытады, бейбітшіліктің қадірін ұғындырады.

ӘСИЯ ӘЖІБАЕВА, тыл ардагері:

– Тігінші болып жұмыс істедім. Соғыс уақытында, соғыстан кейін шеберханада еңбек етіп, сол жерден зейнетке шықтым. Сарбаздарға киім тіктік. Қиын болды, ашпыз, жалаңашпыз. Жастық шағымыз солай өте шықты.

ТЕМІРБОЛАТ ЖҰМАБАЕВ, тыл ардагері:

– Ол уақытта жаңа шығып келе жатқан егіннің жан-жағын тазалайды. 9 жаста сондай жұмыста жүрдік. Мал бақтық. Солай-солай көтерілдік. Жастарға денсаулық тілеймін, Алла бақ берсін!