Биыл қазақ музыкасының аса көрнекті композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл. Осыған орай Петропавлда “Өз елім” атты концерт ұйымдастырылды. Кеш Нұрғиса атамыздың атақты “Саржайлау” әнімен басталды. Сахнада өнер майталмандары ән шырқады.
ДӘМЕШ ҚҰРМАНКИНА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
– Бізге Нұрғиса атамыздың 500-ге жақын әні қалды. Ән жазған әрі күй жазған композитор. Біз бұл кісінің “Құстар әні”, “Алатау” әнімен өстік. Артына мәдени мұра қалдырған композиторларлың бірі.
Нұрғиса Тілендиевті тау тұлға деуге болады. Кеште құлақтан кіріп, бойды алатын бірнеше туынды шырқалды, күйлері орындалды.
Шара барысында өнер иесінің өмір жолы, шығармалары туралы да көп дерек айтылды. Жиналғандар рухани азық алды, қосыла ән шырқады, бала күндерін еске түсірді. Жерлесіміз Жаманбай Алдаев Нұрғиса атамыздың әндерін сүйіп тыңдайды.
ЖАМАНБАЙ АЛДАЕВ, тыңдарман:
– Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығымен 37 жылдан бері таныспын. Қазақ халқының шығармашылығын, салтын жоғары көтерген танымал тұлға. Бүгінгі іс-шарада бәріміз бас қосып отырмыз. Оның туындылары халықтың есінде мәңгі қалады.
Ұлы композитордың мұрасын ұлықтаған кешті студенттер де тамашалады. Мерейтойға байланысты ұйымдастырылған шара арқылы жастар тарихи тұлғаның шығармашылығына біртабан жақындай түсті деген ойдамыз.
Севара Зияхан