Мәдениет

СҚО-да қазақ киносының онкүндігі басталды

Бүгін облыс орталығында ерекше шара өтті. “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы” мен облыстық “Первый Северный” теларнасының арасында меморандумға қол қойылды. Енді теріскейліктер өңірлік арнадан отандық танымал фильмдерді тамашалай алады. Айтулы жиын СҚО-дағы қазақ киносының онкүндігі аясында ұйымдастырылды.

Қазақ киносының онкүндігі аясында теріскейлік көрермендер мәдени, тарихи, патриоттық киноларды тамашалай алады. Оның ішінде жұртшылықтың көзайымына айналған әлемдегі ең танымал киноматографиялық марапат “Оскар” сыйлығына үміткер болған “Бауырына салу”, “Қажымұқан, “Дос-мұқасан” және т.б фильмдер бар. Шара барысында келген меймандар жаңадан ашылған “Qyzyljar” креатив орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Оң бағасын беріп, әр қалада осындай әсем ғимарат болса, еліміздегі мәдениет саласы қарыштап дамитыныН жеткіздік.

ҚҰРМАНБЕК ЖҰМАҒАЛИ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:

– СҚО-ға құр қол келген жоқпыз. Қызылжарлық көрермендерге 20 отандық толықметражды фильм алып келдік. Орталық ашылғалы 117 жобаны жүзеге асырдық.

Басқосуға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының” өкілдеріне алғысын айтып, сәттілік тіледі. Содан соң қызылжарлық көрермендер “Патриоттар уақыты” атты фильмді тамашалады.

Теріскейліктер алдағы 10 күн бойы “Qyzyljar” креатив орталығына келіп, елге танымал фильмдерді тамашалай алады. Айта кету керек, көрсетілімдер өңір аудандарының орталықтарында да өтетін болады.

 

Нұрасыл Ахмет