Білім

Облыс орталығында “Құс ұясы” кітабының тұсауы кесілді

Облыс орталығында “Құс ұясы” кітабының тұсауы кесілді. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген туындының авторы – белгілі балалар жазушысы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым.

ТОЛЫМБЕК ӘБДІРАЙЫМ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

– Бұл “Құс ұясы” кітабым түрлі түсті, 58 сурет салынған, 370 беттен тұрады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған. Әңгімелер, ертегілер және 3 повесть бар. Мен 1991-1992 жылдары облыстық арнада комментатор болып жұмыс істедім. Қызылжар – мен үшін ыстық қала.

Қызылжарға құрметпен қарайтын өр Алтайтың ұлын теріскейдегі замандастары ерекше сыйлайды. Оның шығармашылығын жоғары бағалайды. Қаламгер Жақсыбай Самраттың сөзінше, балаларға арнап кітап жазу – жазушылардың бәрінің бірдей қолынан келмейтін шаруа.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

– Он бестей кітаптың авторы. Шығармашылығы балалар әдебиетіне арналған. Балалар туралы кітап жазу оңай шаруа емес дер едім. Баланың деңгейіне түсу керек, баланың жүрегіне жол табу керек.

Ағамыз “Құс ұясы” кітабын парақтап та үлгеріпті. Жазылғанның барлығы ұнаған. Әңгімелердің бірі қаһарлы патша жайлы. Ол елден Құдайды көрсетуді сұрайды. Сонда тапқыр бала ғана лайықты жауап қатып, жұртшылықты тығырықтан шығарады.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

– Кішкентай бала патшаның басына тас лақтырады. Тас патшаның аузына тиеді. Күзетшілер балаға ұрсады. Сол кезде тапқыр бала “Патша ауырғаның көрсетсін” дейді. Күзетшілер “Патша ауырғанын көрсете алмайды, ол ауырғанды сезіп тұр” деп жауап қатады. Мұны естіген бала “Міне, патша ауырғанды сезеді, сол сияқты біз де Құдайды сеземіз, көрсете алмаймыз” деп тапқырлық танытады.

Туындының авторы кітапқұмар өскелең ұрпақтың аздығына қынжылады. Мәселеден шығар жол – балалар болашақта туындылардан бас алмау үшін оларға сәби күндерінен үлгі болу қажет.

ТОЛЫМБЕК ӘБДІРАЙЫМ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:

– Балалардың ата-аналары кітап оқу керек. Ата-аналар кітап оқыса, балалар да кітап оқиды. Кітап – білім. Кітап оқыған бала жамандыққа бармайды. Біз кітап оқитын ұлтқа айналу үшін жаппай кітап оқуымыз керек.

Танымдық “Құс ұясы” кітабы 1000 данамен басылған. Оның бірнешеуін Толымбек Әбдірайым облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына сыйлады.

 

Байболат Құлтанов